Басты Жаңалықтар Балалардың алаяқтарға алдануы жиіледі

Балалардың алаяқтарға алдануы жиіледі

Жаңа оқу жылы басталғалы алаяқтардың да айласы түрленіп, белсенділігі артты. Оқу ағарту министрілігінің хабарлауынша, соңғы кезде  оқушыларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырушылар көбейген. Сөйтіп, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген желеумен балалардан СМС-код сұрайды. Осы ретте бүлдіршіндерді интернеттегі алаяқтардан қалай қорғау керек? Балалар көп уақыт өткізетін онлайн ойындарының артында әккілердің қандай қитұрқы әрекеті тұр? Арбауға түспес үшін мамандар қандай кеңес береді?

Балалардың 90 пайызы онлайн ойын арқылы алаяқтардың құрығына түседі

Айдана Қуантхан, тілші:

Алаяқтар үшін ең оңайы қарт кісілер мен балаларды алдау. Сондықтан олардың айласы да сан алуан. Әккілер енді электронды күнделікті жаңартамыз деген сылтаумен, оқушыларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырады. SMS арқылы келген бір реттік құпия кодты сұрайды. Бала айта салса, алаяқтар осы кодты пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді. Осы ретте әр ата-ана баласына телефонға келген SMS кодты ешкімге айтпауды, күдікті сілтемелерге өтпеуді қатаң ескерту маңызды.

Интернет алаяқтық жыл сайын түрленіп барады. Әсіресе, соңғы уақытта әккілердің 90 пайызға жуығы балаларды онлайн ойындар арқылы арбау тәсіліне көшкен. Мұндайда ата-аналар баланың іс-әрекетіне қырағы болуы керек, дейді мамандар.

Еркебұлан Қойшыбаев, Қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-әрекет басқармасы бастығының орынбасары:

Сайт құрастыру өте оңай. Бір күнде 2-3 сайт жасап тастай алады. Біреуін бұғаттасаң, іле-шала жаңасы пайда болады. Біз алдымен олардың техникалық іздерін іздейміз. Алаяқтықтың деңгейі дайындыққа байланысты: техникалық тұрғыдан мықты болса, іздерін де жақсы жасырады.

Мамандар балалар арасында кеңінен танылған әлемдік ойындарды түбегейлі жою мүмкін емес, дейді. Тіпті, кей қосымшалар орнатылғанда көзге көрінбейтін вирустық қалталар телефонға көшіп, ватсап деректері мен жеке мәліметтер алаяқтарға қолжетімді болуы мүмкін.

Мадина Болысханова, Техника ғылымдарының магистрі:

Балалар кейде арнайы жасалған ойындарды вирус деп ойламай жүктеп алады. Алайда ол ойын іске қосылған сәтте телефонға вирус орнатылып, жасырын түрде жұмыс істей бастайды. Ол қажетті ақпараттарды, бейнежазбаларды көшіріп, құпия деректерді жинап отырады.

Қауіп тек техникалық тұрғыдан емес, психологиялық жағынан да бар. Мамандар баланың эмоционалды дамуы 7-9 жас аралығында қалыптасады, деп отыр. Егер осы кезде ата-ана бүлдіршінге уақыт бөліп, зейінін дұрыс дамытуға көмектеспесе, онда бала тәуелділікке бейім болып, есейгенде интернет ойындарына тәуелді болады екен.

Милана Елеусінова, психолог:

Онлайн тәуелділік көбіне баланың бос уақытының көптігінен туындайды. Сонымен бірге ақпарат заманында әр балада ақпараттық гигиена қалыптасуы қажет. Осы шарттар орындалса, бала ешқандай арбауға ермейді. Ата-ана алдымен кінәні өзінен іздеуі керек. Ойынға тәуелді болған балалармен түзету және дамыту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Баланың қызығушылығын ескере отырып, оның ерекшеліктерін анықтап, тұлғалық дамуына көңіл бөлу қажет.

Мамандардың айтуынша, интернеттегі қауіптен толықтай қорғану мүмкін емес. Бірақ ең басты қорғаныс – ата-ананың баламен ашық әңгімесі. Сонда алаяқтардың арбауына түсу ықтималдығы азаяды, дейді.


Бөлісу