«Орталық-Батыс» жолының бағыты өзгермейді
«Орталық-Батыс» жолының бағыты өзгермейді. Қостанай облысының әкімі Торғай жұртшылығымен арнайы кездесіп, Vемлекет басшысының тапсырмасы орындалатынын айтты. Екі жыл көлемінде автожол құрылысы толық аяқталуы тиіс.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Жангелдин ауданы облыс орталығынан 560 км жерде орналасқан. Қостанай мен Арқалықтан шыққан жоқ Амантоғайда түйісіп, дәл осы Торғайға кеп тұйықталады. Ал «Орталық – Батыс» тап осы жерден Ырғызға дейін жалғасуы тиіс. Мына көтерме жол Ақшығанаққа жетпей шамамен 30 км жерден бітеді. Әрі қарай дала жолы жатыр.
Асқар Ерғали, Шеген ауылының тұрғыны:
Жол жүретін болса, тіршілікке қан жүреді ғой бойымен. Соған қуанғанымыз шын, бөркімізді аспанға атып. Енді келді де қайтадан өзгерген кезде халықта толқу болғаны, көңіл күйінің түскені шындық.
Айбек Исламбек, Торғай ауылының тұрғыны:
Бірақ кеше Президентіміз тағы бір нүктесін қойғандай болды. Бізге қатынас қиын, облыстың өзіне 600 км. Бізге мына жаққа жол түссе, қатынас жақсы болар еді. Соны халық күтіп отыр. Жағдай түзеле ме деген ой ғой.
Өңірдің оңтүстік аудандарында барлығы 600-ден астам шаруа қожалығы бар. Елдің көбі мал басын көбейтіп, оны өткізу арқылы табыс табады. Жангелдин ауданында 6600 азамат болса, оның 300-ге жуығы ресми түрде – жұмыссыз. Халық саны да жылдан жылға азайып барады. Өткен жылы 200 адам қоныс аударған. Егер жол түссе, жұмыссыздықтан өзге де біраз мәселе шешімін таппақ.
Дінмұхамед Бидашев, Жангелдин ауданының әкімі:
Жеке кәсіпкерлерден жер сұраушылар көбейді. Яғни енді тұйықталған жер болмағандықтан, транзит болады. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын саламыз деп жатқандар бар, жанар-жағармай, техникалық қызмет көрсету станциялар, сонымен қатар асфальт зауытын саламыз деп жер сұрап жатқан азаматтар бар. Бұл халықтың тұрақтауына әсер етеді.
«Орталық-Батыс» жобасы жүзеге асса, бұл бағыт 560 шақырымға қысқарады. Құрылыс алдымен жол жоқ жерлер, Торғай-Ырғыз, Егіндікөл-Арқалық бағыттары бойынша жүреді.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
Бұл жол тек осы бағытпен ғана салынатын болады. Өйткені Президент тапсырмасын ешкім өзгерте алмайды. Қазір жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Екі жыл ішінде ол жұмыс бітіп қалуға жақын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауында Торғай өңірінің дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керектігін айтты. Арқалық қаласындағы әуежай құрылысының да аймақ экономикасы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
