БҚО-да мал азығының тек тең жартысы жиналған
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталов аудандарында қуаңшылықтың кесірінен шөп шығымы төмен болып тұр. Оңтүстік аудандарда қысқы мал азығының тек 50 пайызы жиналған. Ауыл-аймақта былтырғыдай төтенше жағдай жарияланып, өтемақы төлене ме? Әріптесім Ардақ Мұратқызы мәселені зерделеп көрді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Ауыл айналасы айтақырға айналған. Қырда қылтанақтай көк жоқ. Әсіресе, оңтүстік аудандарда жағдай мүшкіл. Шөп шығымы төмен. Жер азып-тозып тұр.
Шаруалар шабындықты түгесіп, жайылысқа шалғын салған. Жәнібектік шаруа Ерлан Нығметов мал қыстағына қажет азықтың тек жартысын жинаған. Шөптің шықпай қалғанын қуаңшылық пен киіктен көреді.
Ерлан Нығметов Шаруа, Жәнібек ауданының тұрғыны:
Шөп шығымы өте нашар. Былтырғыдан да төмен. Міне, осы, көріп тұрсыз ғой. Қазіргі уақытта жайылымды шауып жатырмыз. Себебі шабындық жерімізді шаптық. 200 гектар екпелі шөбімізден де ештеңе шықпады. Бар-жоғы алғанымыз 80 рулон. Біз жылда 1800-2200 рулон шөп дайындаймыз. Биыл оның 50 пайызына да жеткен жоқпыз әлі.
Әсіресе, Жәнібек, Казталов және Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының кейбір ауылдарында шаруалар мал азығын әзірлеуде қиындық көріп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұл аумақтарда шөп орташа есеппен гектарына 1-2,5 центнерден түсіп тұр. Ауылдықтар, амал жоқ, мал басын азайтып жатыр.
Қуаныш Мұқашев Шаруа, Казталов ауданының тұрғыны:
Қуаңшылыққа байланысты Қалғанын сатып алып жатырмыз әкеліп жатқандардан. 12 мыңнан рулоны. Бізге көмек керек. 500-600 бастай ірі қара бар. Соның жартысын азайтамыз ба деп отырмыз. Қалғанына шөп сатып аламыз деп. Қазір 500 рулон сатып алдық 6 млн-ға. Әлі 1500 рулон шөп керек.
Ал алыпсатарлар сауданы қыздырып жатыр. Жеке тасымалдаушылар шөбі шүйгін солтүстік аудандардан орамасын 5-6 мың теңгеге сатып алып, екі есеге өткізеді. Бір жүк көлігіне 65 орама, яғни 15 тоннадай шөп кетеді.
Асылбек Жұмағалиев, көлік жүргізуші:
Шөпті Бестеректен, Тасқала, Жымпиты жақтан әкеліп жатырмыз. Әртүрлі 12-11 мыңнан Казталов басында. Ал Жақсыбай, Жәнібек жаққа 13 мыңнан. Шаруа қожалықтары да, тұрғындар да алып жатыр. Тұрғындар аз-аздан алады. Шаруа қожалықтары бірнеше мәшина алады. Өзіміз сатып аламыз басқа жақтан, тиеп алып келеміз. Жымпиты жақтарда 5-6 мыңнан шөп.
Өңірде 1,2 млннан астам мал басы бар. Оған 2,3 млн тонна шөп қажет. Қазір облыс бойынша мал азығының 72%-ы әзірленген. Он екі ауданның алтауы мал қыстағына толық дайын. Ал…
Қайыржан Өмірәлиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
Биыл ылғалдың төмен болуы және киік санының күрт артуы салдарынан Жәнібек және Казталов аудандарының жекелеген ауылдық округтерінде шөп өнімділігі жылдағыдай төмен болып отыр. Бұл аудандарға көмек көрсету мақсатында солтүстік аудандардың шаруашылықтарынан шөп сатушылардың тізімі жинақталып, аудандарға беріліп отыр.
Сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелерінен шөп қоры
дайындалып, қиналған шаруаларға мал азығы жеткізілмек. Өткен жылы бұл аудандарда
төтенше жағдай жарияланып, демеуқаржы берілген еді. Биыл мұндай көмек
қарастырылмаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
