Қызылорда облысындағы Бесарық ауылы еліміздегі үлгілі елді мекеннің бірі
Қызылорда облысы Сырдария ауданының Бесарық ауылы еліміздегі үлгілі елді мекендердің бірі. Ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртып, көркейіп-гүлденуіне жергілікті шаруашылық жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді.
Екі мыңнан аса халқы бар ауылдың келбеті алыстан-ақ көз тартады. Жолдары тақтайдай түзу, көшелері мұнтаздай таза. Демалыс саябағы жасыл желекпен көмкеріліп, субұрқақ атқылап тұр. Ал түрлі әткеншегі бар ойын алаңынан бала арылмайды.
Акбар Ақжігітов, ауыл тұрғыны:
Қайта түледі десек болады. Әсіресе көркейту-кқгалдандыру, тазалық. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Шаруашылық ғимараттары жөнделді. Жолдар жарықтандырылды. Ауызсу 100 пайыз күндіз-түні беріліп тұрады.
Ауыл жұртының қазіргі тұрмыстық әлеуеті қаладан еш кем емес. Жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Бесарық ауылында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекеннен мынадай заманауи бизнес орталық салынды. Мұнда 12 кәсіпкер кәсіп ашып, бүгінде түрлі өнім шығаруда.
Соның бірі - пластик құты шығаратын шағын цех. Кәсіпкер күніне мыңдаған ыдыс өндіріп, оған нарықта сұраныс жоғары. Сондай-ақ қолөнер шеберханасында көрпе-төсек, қыз жасауына қажет бұйымдар жасалады. Ал наубайханда нан және тәтті тоқаштар пісіріліп, қала дүкендеріне дейін жөнелтілуде. Бүгінде барлық кәсіпкерлік нысанда 45 адам тұрақты еңбек етіп жатыр.
Гүлжайна Сауатова, наубайханашы:
Бір жыл болды, осы жер ашылып, жұмыс істеп келе жатырмыз. Наубайханада жартылай мұздатылған өнімдер де бар. Осы жерде 4 адам жұмыс істейді. Айлығы тұрақты. Ауылымыз жақсы дамып, көркейіп, өсіп келе жатыр.
2023 жылы Бесарық облыста «Үздік ауыл» атанып, жарқын өзгерістер әлі де жалғасын тауып келеді. Себебі елді мекеннің өркендеуіне жергілікті «Абай-Дәулет» шаруашылығы қаржы құйып, туған жерді гүлдендіруге сүбелі үлесін қосуда.
Дәулет Сәрсенбаев, ауыл әкімі:
Инвесторымыз жылда 100-120 миллиондай ақша тазалыққа, гүл егуге, абаттандыруға ақша бөліп отыр. Осы ауылға келгелі қазір 2 миллиардтай ақша бөлді.
Үлгілі ауылда жұмыссыздық жоқтың қасы. Тұрғындардың басым
бөлігі мал шаруашылығын кәсіп етіп, бүгінде қала нарығын етпен қамтамасыз етіп
отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
