Жамбыл облысында экспорт көлемі екі есе артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында экспорт көлемі екі есе артты

Жамбыл облысында экспорт көлемі екі есе артты

Соңғы 5 жылда елдің  ішкі жалпы өнім 182 миллиардтан  286 млрд. долларға жетті. Бұл экономиканы әртараптандырудың және аймақтардың дамуына басымдық бергеннің нәтижесі. Мәселен, Жамбыл облысында биыл өндіріс қарқын алып, экспорт 2 жарым есеге дейін өсті. Өңірде химия, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы дамып келеді.  


Аймақта тамақ өнеркәсібі тұрақты дамып, химия мен құрылыс саласы қарқын алды. Тараздағы тұрмыстық химия тауарларын шығаратын зауыт өз жұмысын 5 жыл бұрын бастаған. Бастапқыда шағын шеберханада сабынның бір ғана түрін жасаса, бүгінде 40 адамның күшімен 100-ден аса экологиялық тауар өндіреді.


Кәсіпорын күніне 30 тонна, ал жылына 50 мың дана өнім шығарады. Оның 20%-ын Ресей мен Қырғызстанға экспорттайды. Тауар жеке зертханада тыңғылықты тексеруден өтеді.


Екатерина Храпова, технолог:


Күніне біз 10 түрлі өнімді тексереміз. Алдымен химиялық ағартқыштардың құрамындағы белсенді хлорды, ал оттегісі бар ағартқыштарда белсенді оттегі мөлшерін анықтаймыз. Ал кейбірі қолмен жууға қолданылатындықтан, гигиеналық тексеруден өткіземіз. Біз үшін сапа мен қауіпсіздік өте маңызды.


 

Зауыт германиялық және қытайлық технологияларды қолданады. Айта кетерлігі өндіріс орны өнім құрамын жақсарту үшін жергілікті өсімдіктерді көп пайдаланады.


Рано Шадыханова, зауыт басшысы:


Ауылдың тұрғындарынан шөп сатып аламыз. 50-ден астам шөпті қолданамыз. Біздің ерекше өнімдеріміз бар, таза, пайдалы, табиғи заттардан өндіреміз.  Әлемнің түкпір-түкпірінде қол жетімді болуға ұмтыламыз. Біздің жұмысшыларымыз бүкіл әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Айлықтары 200 мың теңгеден басталады.


Ал аймақта Үкімет қолдауымен тұрмыстық тауарларды сыртқы нарыққа шығарып, халықаралық көрмелерге апаруға жағдай жасалған. Бұдан бөлек, былтыр әкімдік пен сауда және интеграция министрлігі өңірдегі экспорттаушы компаниялардың 123 млн теңге шығынын субсидия есебінен өтеп берген. 


Талғат Шалдарбеков, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы:


Өсім – химия өнеркәсібінде орын алып отыр, тамақ өндіру саласында, машина жасау саласында, құрылыс индустриясында және мұнай өнімдерін өңдеу саласында. Өңделген тауарлар 184,4 млн АҚШ долларына экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артып отыр.


Бүгінде өңірдегі өнеркәсіп саласында 900-ге жуық кәсіпорын бар. Олар соңғы жарты жылда 745 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Ал бұл көрсеткіштің үлкен үлесі 40 ірі кәсіпорынға тиесілі.




Бөлісу