Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек» деген еді. Қазір өңірлерде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны артып келеді. Әсіресе, іс бастаймын деген жастар көп. Мәселен, тек Ақтөбе облысының өзінде мемлекеттік қолдауға ие болғандардың 30 пайыздан астамы 30 жасқа дейінгілер. Олардың арасында кәсібін кеңейтіп, мол табысқа жетіп үлгергендері де бар.
Азамат Базар кәсібін студент кезінде-ақ бастаған. Алғашында қаладағы зауыттарда тұрған құрылғыларға қажетті резина бөлшектерді шығарды. Кейін ісін кеңейтіп, мұнай-газ, тау-кен өндірісі мен Темір жол саласынан тапсырыстар қабылдады. Мемлекеттік қолдаулардың арқасында жаңа құрылғылар сатып алды. Шағын цех үлкен кәсіпорынға айналды.
Азамат Базар, кәсіпкер:
Жас кәсіпкерлерге қазіргі таңда қолдау жақсы деп ойлаймын. Бұл әлі бастамасы деп санаймыз. Жақын шетелдерге экспорттау жоспарда бар.
Жас кәсіпкер қазірдің өзінде қырыққа жуық адамға жұмыс беріп отыр. Болашақта қызметкерлер саны тағы артады. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, қосымша құрал-жабдықтар сатып алуды да жоспарлап отыр. Жалпы, облыста жас кәсіпкерлер саны жылдан жылға артып келеді. Биылдың өзінде 371 жоба қолдау тапқан.
Аягүл Рамазанова, «Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалы директорының орынбасары:
Кепілдік беру және жеңілдетілген несиелендіру қолдаулары көрсетіледі. Кепілдік беру бойынша несиенің сомасы 7 млрд-қа дейін қарастырылған. «Даму» қорынан жас ерекшеліктеріне шекутеу жоқ. Жалпы алатын болсақ, шамамен 30 пайызы жас кәсіпкерлер.
Өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 1 пайызға артқан. Қазір 94 мың кәсіпкер табысты еңбек етіп жатыр. Салада 172 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Думан Дәулетияров, облыстық Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:
Кәсіпкерлерді қолдаудың үш түрі бар: субсидялау, грант және несие беру. Сонымен қатар қаржылық емес қолдау да бар. Бірнеше жыл жұмыс істеген кәсіпкерлермен сөлйесіп, оларды жас кәсіпкерлерге шақырамыз.
Өңірде кәсіп бастаймын деген жастарды оқыту, тәжірибеден өткізу шаралары жолға қойылған. 2010-жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Бизнестің жол каратсы» бағдарламасы аясында облыста 12 мыңнан астам бизнес-идеяға қолдау көрсетілді. Өндірілген өнім көлемі үш жарым триллион теңгеге жеткен.
Жақсыбек Кемал
