Ауылда кәсіпкерлер саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылда кәсіпкерлер саны артып келеді

14.01.2014
Ауылда кәсіпкерлер саны артып келеді

Жеке кәсібін ашқысы келетіндердің саны тек облыс орталықтарында ғана емес, шалғай елді мекендерде де арта бастады. Мұндай үрдіс Атырау облысында да байқалады. Қазір аймақтағы елді мекендерде мал фермалары, жылыжай, наубайхана секілді шағын өндіріс орындары көптеп ашылуда. Мұның өзі жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға кең жол ашып отыр.

 
Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылының тұрғыны Тұрлан Бекешов өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізді. Сөйтіп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Ол ауылда жылыжай тұрғызды. Қазір ауыл тұрғындарына қияр мен қызанақты арзан бағамен ұсынып отыр.
 
Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті арттыру» бағыты бойынша Астана қаласындағы Назарбаев университетінде шағын және орта бизнестің қыр-сырын меңгеріп келді. Кәсіпкер шығынын азайтып, пайдасын молайтты.    
 
Тұрлан Бекешов, кәсіпкер:
Жылыжайымызды екі есеге ұлғайтып жатырмыз. Былтыр 400 шаршы метрге өсірсек, биыл жалпы өнімді 750 шаршы метрге ұлғайттық. Жалпы жоспарымыз қызанақтан 15 тоннадай өнім алғымыз келсе, ал қиярдан 8 тонна алу - алға қойған мақсатымыз.
 
Қызылқоға ауданында 32 мыңдай адам тұрса, олардың үш пайызға жуығы кәсіпкерлікпен айналысады. Жыл сайын кәсіпкерлер санының артуына мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы себеп болып отыр.
 
Мәселен, өткен жылы жергілікті 110 кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен 411 миллион 900 мың теңге көлемінде несие алған. Ал, кәсіпкерлердің өндірген өнімі, көрсеткен қызмет түрлерінің көлемі 700 миллионға жуық теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артқан.  
 
Зейнеш Сарбуфеева, Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:
Өнім өндіру көбейгеннен кейін бюджетке төленетін төлемдер де өсіп отыр. Ол қалыпты жағдай. Қазір 38 миллиондай бюджетке төлемдер түсті. Жалпы, аудан бюджетінің 4,8 пайызын кәсіпкерлік саласы құрап отыр.
 
Өңірде ауыл кәсіпкерлерінің саны бұрынғыдан да артып, жаңа жұмыс орындарын ашу үдерісі үдей түсті. Осылайша, елді-мекендердің әлеуеті еселеп артуда. Сөзімізге дәлел келтірсек, Қызылқоға ауданында жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 14 кәсіпкер өз ісін ашты. 
 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу