Ташкентте Абай мұралары ұлықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте Абай мұралары ұлықталды

19.08.2025

Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында Абай Құнанбайұлының әдеби мұраларына арналған ғылыми конференция өтті. Ұлы ойшылдың шығармаларына талдау жасалды. Түркітілдес мемлекеттердің ғалымдары мен шет елдік дипломаттар алдында ақынның өзге тілге аударылған туындылары таныстырылды.

Абай мұрасы – ұлттық деңгейден әлдеқашан асып кеткен, жалпы өркениеттік мәнге ие. Ұлы ақынға арналған мерейтойдың кең көлемде атап өтілуі заңдылық десті жиналғандар. Абай шығармаларының өміршеңдігі сонша, әр халық оларды етене қабылдайды. Абай сонысымен бәріне жақын, бәріне ортақ.

Әділғазы Қайырбеков, ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

Абайды тану үшін оның өлеңінен бастау керек. Абай гуманист ақын. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Бұл кез келгеннің аузына түсетін сөз емес. Абай сияқты ұлылардың ғана айтатын сөзі.

Хакім Абайдың адал еңбекке, ғылым мен білім үйренуге шақыратын сөздері қазақтың ғана емес, бауырлас халықтардың арасында да кеңінен қолданылды. Күні бүгінге дейін солай. Шетелдік ғалымдар ағартушының өлеңдерін жатқа оқып, әр сөзіне айрықша тоқталды. Абай философиясы әлі де өзекті десті.

Бахадүр Каримов, әдебиетші, ғалым:

Абайдың насихаттары ешқашан мәнін жоймайды. Мұндай жиындардың берері мол. Ғалымдар мен әдебиет саласы өкілдерін өзара ынтымақтастықты арттыруға үндейді. Осы арқылы һакім Абайдың даналығынан әрдайым сусындап отырарымыз анық.

Саидмухтор Саидқосимов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:

Абай мұраларын насихаттауға арналған Өзбекстан президентінің арнайы қаулысы бар. Кемеңгер ойшылдың 180 жылдығын әлемнің көптеген елдері тойлап жатыр. Бұл Абай Құнанбайұлының әлемдік деңгейдегі тұлға екенін көрсетеді.

Абай мұралары мәңгілік. Барша адамзатқа ортақ құндылық. Осы ретте бауырлас, көршілес мемлекеттердің дипломаттары өз елдерінде ұлы ойшылдың 180 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатқанын айтты.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу