«Астана Опера» театры Ташкентте «Абай» операсын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театры Ташкентте «Абай» операсын қойды

11.07.2019

Қазақ мәдениеті тағы да шетел жұртшылығын таң-тамаша етті. Өзбекстанда алғаш рет «Абай» операсын орындаған «Астана Опера» театры әртістерінің өнеріне өзбек жұртшылығы ерекше тәнті болды.

Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы ташкенттік көрерменге аса жақын болып шықты. Асқақ өнерді бағалайтын өзбекстандықтар қазақ ұлттық классика жауһарын зор қуанышпен қабыл алды. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл операның шетте орындалуы – қазақ мәдениетінің асқақтығын көрсетеді. Оркестр музыканттары мен хор әртістерінің өнеріне риза болған қауым операның өте жоғары деңгейде қойылғанын атап өтті. Әртістердің вокалдық әрі актерлік шеберлігі де ешкімді бейжай қалдырмады. Абайдың ғана емес, қазақ халқы рухының асқақтығын көрсеткен қойылым соңында көрермен қазақ әртістеріне ерекше ықылас танытты.  

 

Мухаббат Туляходжаева, театртанушы, өнертану докторы:

 

Әртістердің бұрынғы заманның салт-дәстүріне ұқыпты, әрі мейіріммен қарауы ерекше әсерге бөледі. Спектакльде ұлттық дәстүрге деген құрмет көрініп тұр. Дауыс та, хор мен оркестрдің дыбысталуы да тамаша. Декорациялар мен костюмдер де керемет әсерге бөледі, эскиздерді итальяндық суретшілердің жасауына қарамастан, қазақ халқына тән ұлттық өзгешелік сақталғаны маған қатты ұнады. 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу