Қазақстанға 3 млн-нан астам жұмысшы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстанға 3 млн-нан астам жұмысшы керек

Қазақстанға 3 млн-нан астам жұмысшы керек

Енді, қала және аудан әкімдерінің жұмысы жаңа талаппен бағаланады. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы атқарғаны арнайы тиімділік көрсеткіштері, яғни KPI арқылы сарапталады. Бүгін Үкімет отырысында осындай шешім қабылданды. Сондай-ақ еңбек нарығындағы түйткілді мәселелер көтерілді.

Бұл дегеніміз елімізде жұмыс күші тапшы. Яғни, түрлі салаға мамандар қажет. Үкімет басшысы тиісті министрлік пен облыстық әкімдіктерге мәселені алдағы 4 жылда шешуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін 3,3 млн адамды соның ішінде 2,3 млн жастарды жұмысқа орналастыру бойынша нақты бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі уақытша жұмыспен байланысты. Мұндай тәсілдің тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту керек.

Жастардың 30 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді

Бүгінде еліміздегі еңбекке жарамды азаматтар саны 9 млн-нан асады. Оның 7 млн-ны жалдамалы жұмысшы болса, 2 млн-ны өз-өзін жұмыспен қамтып отырғандар. Ал 450 мыңға жуық адам жұмыссыз. Оның біршамасы - жастар. Өйткені ЖОО бітіретін түлектердің 30 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Бізге алдымен, білім беру сапасын арттыру керек. Өйткені ҰБТ тапсырған жастарымыз жинаған балы грантқа жеткен мамандықты таңдайды, өзі қалаған кәсіпті емес. Сондықтан биыл біз 100 кәсіпкерлік стандартын әзірлеп жатырмыз. Соның негізінде оқу бағдарламаларын жаңартамыз. Яғни, еңбек нарығының сұранысына қарай мамандар даярлауға тырысамыз.

Әкімдер жұмысы жаңа тәсілмен бағаланады

Маман даярлау, азаматтарды жұмыспен қамтуға енді ерекше көңіл көлінбек. Тіпті, әкімдерге енді халықты жұмыспен қамтуына қарай баға берілмек. Бүгін Үкіметте осындай шешім қабылданды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Келесі жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуға бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.

Енді еңбек шартын онлайн рәсімдеуге болады

Сондай-ақ енді жұмысқа орналасу жеңілдеді. Дәлірек айтсақ еңбек шарттарын қашықтан жасау тетігі енгізілді. Цифрлық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, аталған құжат электронды цифрлық қолтаңба арқылы қашықтан жасалады. Бұрынғыдай жұмыс берушіге міндетті түрде жеке бару және құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет емес.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Үкімет отысырында шетелдік инвесторлардың жауапкершілігін арттыру мәселесі де қаузалды. Осы бағытта мониторинг жүргізу үшін Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді. Ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қадағалайды.

Нұрсұлтан Тілектес

Бөлісу