Таңдаулы 100 кітапты анықтайтын сауалнама жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таңдаулы 100 кітапты анықтайтын сауалнама жалғасып жатыр

26.07.2025

Таңдаулы 100 кітапты анықтайтын жалпыұлттық сауалнама жалғасып жатыр. 3 айға созылған жоба санаулы күннен соң аяқталады. Нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланады. Бұл бастама ұлттық әдебиеттің кеңінен таралып, тұрғындардың кітапқа деген ынтасын арттыру мақсатында қолға алынған. Іріктелген «100 кітап» оқырманның талғамын қалыптастыруға септігін тигізеді, - дейді жазушы Роза Мұқанова. Сондықтан, мұндай маңызды істе қалыс қалмауға шақырды.

Роза Мұқанова, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Жазушылар ұсынған шығармалар маған өте қызықты. Өйткені жазушы – суреткер, образ жасаушы. Ол өзі әсерленген кейіпкері мен туындысын оқырманға ұсынады. Ал оқырман өзгеден бұрын дәл сол жазушы ұсынған кітапқа қызығады. Жазушының ұсынған шығармасын оқығысы келеді.

«100 кітап» ұлттық сауалнамасына қатысу үшін е-Gov Mobile қосымшасына кіресіз. «Таңдаулы 100 кітапты бірге анықтайық!» деген батырманы басып, кітап ұсыну бетіне өте аласыз. Сол жерден өзіңізге ұнайтын үздік 10 шығарманы енгізіп, «Дайын» батырмасын басасыз. Арасында отандық қаламгерлердің және әлемдік жазушылардың шығармалары бар. Халықтың таңдауына ие болған шетелдік туындылар қазақ тіліне аударылмақ. Жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу