Елімізде риелторлық қызметті реттейтін нақты заң қажет. Себебі, соңғы уақытта делдарға қатысты шағым айтатындар жиілеген. Тұрғын үйді жалға беру не сату кезінде өзін риелтор деп таныстырып, ақшаны алдын ала алып, ізін суытатын алаяқтар көбейген. Жалған пәтерлерді жалға берем дейтіндерге тосқауыл бола ма? Алаяққа алданбас үшін нені ескеру керек? Жазира Оразқызының репортажы
Атын атамауды өтінген өрімдей қыз – жекеменшік оқу орнының студенті. Құрбыларымен бірге келіп, пәтер жалдамақшы болған. Риелтормен келісіп, кездесіп, ақша бергеннен кейін, алаяқ ізім-ғайым жоқ болып кеткен. Далада қалған қыздар қазір туыстарын жағалауға мәжбүр.
Студент:
Ол бізге өзінің жеке куәлігін көрсетіп, мамамның квартирасы деді. Біз сеніп, ақшаны қолыма бересіңдер деді. 300 мың теңгені бердік. Кілтті берді, келесі күні келсек, ол жақта басқа адамдар тұрады.
Кәнігі схема. Ақшаны алып, артынан телефонын сөндіріп, ұшты-күйлі жоқ болады. Арзан әрі жайлы пәтер жалдаймын деп, артынан сан соғып қалатындар көбеймесе, азаяр емес.
Көпшілікке танымал Krisha.kz порталы мұндай шағымдардың көбейгенін мойындап отыр. Сайттың пайдаланушыларының қауіпсіздігі мен алаяқтарға тосқауыл қою үшін шаралар қолға алынып келеді дейді.
Имран Османов, Krisha.kz сату бөлімінің басшысы:
Платформадағы компаниялар мен агенттер жеке куәлігін көрсетіп, нақты өзі екенін дәлелдеу керек. Ол үшін арнайы мамандарымыз жұмыс істейді. Тексерілген, сенімді және бізбен келісімшартқа отырған агенттер ғана хабарландыру бере алады. Бұл тұтынушылар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Десе де мұндай бақылау амалын асырып, алдайтындарға кедергі болмай отыр. Сан түрлі айла жасайтындарды тоқтату үшін заңгер Роза Сәдуақасова: риелторлық қызметті реттейтін нақты заң қабылдап, талаптарды күшейтетін кез келді» - дейді. Ол үшін бірнеше ұсынысын айта кетті.
Роза Сәдуақасова, заңгер:
Жедел желі қажет деп санаймын. Риелтор мен тұтынушы арасындағы щарттың шаблонын міндетті түрде Үкіметпен бекіту керек. Үшіншіден, бұл қызметті орталықтандыру керек. Төртіншіден, риелторлық қызметті атқарушылардың ортақ тізілімі болуы керек.
Заңгер алаяқ арбауына түспес үшін риелтордың құжаттарын мұқият тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ делдалдық қызметтің шарттары жазылған келісімшартқа қол қоймайынша, ешқандай төлем жасамаған дұрыс. Ал егер алданып қалсаңыз, бірден полицияға және тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына шағым түсіру қажет.
Жазира Оразқызы
