Қазақстанда ең көп сатылатын дәрі – парацетомол. Бір жыл ішінде тұрғындар шамамен 3 млн қаптама сатып алған. Міндетті таңбалау жүйесінің арқасында дәл осылай әрбір дәрінің қайда шығарылып, кімге сатылғанына дейін бақылауға болады.
Астаналық Назерке былтыр қатты ауырып, сапасыз дәрінің салдарынан жағдайын ушықтырып ала жаздаған. Содан бері әр дәріні мұқият тексеріп алады.
Назерке Жантуарова, қала тұрғыны:
Цефазалин алғанның өзінде мен 5 күн ішінде, курс алып болғаннан кейін жазылған жоқпын. Қайтадан дәрігерге барып, сұрағанмын, мен неге бірінші алғанда жазылып кетпедім деп, сол кезде маған айтқаны - кейбір дәрілердің ішінде контрофактімен келгеннен кейін, құр бос болуы мүмкін. Ішіндегі порошок цефазалин болмауы мүмкін. Сондықтанда сізге еш әсер етпеген болуы мүмкін деп айтты.
Енді, сапасыз дәрілер сатылмайды. Лицензиясы бар дәріханаларда толық тексерістен өткен, таңбаланған препараттар сатылады. Әр құтының қашан өндіріліп, қайда жөнелтілгені анық көрінеді. Десе де, бұл – заңсыз жолмен сатылатын дәрілер тиолық жойылды деген сөз емес. Әсіресе онлайн сауда айналымында көп. Сол себепті – сұранысты тудыратын яки төмендететін – ең алдымен тұтынушы.
Алтынай Жетпісбаева, фармацевт :
Біз әрбір клиентке түсіндіруге тырысамыз. Әрбір дәрінің біздің Қазақстанда өткен тіркеу коды болады. Дата матрикс коды болатынын ескертеміз. Соған байланысты сіздер дәрінің сапалы немесе сапасыз екеніне көздеріңізді жеткізсеңіздер болады.
Таңбалау жүйесі 1 жыл ішінде 107 миллион дәрі-дәрмек сатылғанын көрсетті. Оның 3 миллионы – парацетомол. Бұл халық арасындағы ең көп сұранысқа ие таблетка. Одан соң натрий хлориді мен этил спиртін көп тұтынады. Цитрамон дәрісі де көш басында.
Бауыржан Мырзатай, «Тañba» бірыңғай операторының жоба жетекшісі:
Халыққа бұл өте үлкен әсері бар. Біріншіден, ол қауіпсіздікті арттырады. Қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, әр тұтынушы дәрі-дәрмекті қашан, қайда өндірілгенін, қашан импортталғаны туралы көре алады. Тұтынушылар сатып алар алдында бұл дәрі-дәрмекті «Нақты өнім» мобильді приложениесі арқылы сканерлеп, толық ақпаратты ала алады.
Бүгінде айналымдағы дәрі-дәрмектің 60%-ы таңбаланған. Ал қалған 40%-ы міндетті таңбалауға дейін елге енген. Сондықтан ол дәрілер саудаланып біткен соң, оның орынына толықтай таңбалаудан өткен жаңа тауар әкелінеді.
Ақниет Балтанова
