Мәжіліс Төрағасы Қарағанды облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс Төрағасы Қарағанды облысына барды

17.07.2025

Мәжіліс Төрағасы бастаған бір топ депутат Қарағанды облысына барды. Нұра және Осакаров аудандарындағы жобалардың жұмысымен, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Ең алдымен көпсалалы колледжге табан тіреді. Мұнда 300-ге жуық студент білім алады. Агроөнеркәсіп, құрылыс, өндіріс саласының мамандарын дайындайтын білім ордасындағы кездесуде Ерлан Қошанов елімізде жұмысшы мамандарға сұраныс 40%-дан асатынын айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Жұмысшы мамандарды дайындайтын кім? Ол - бірінші кезекте біздің колледждер. Сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Балалардың бойына мамандықты сүю, еңбекті құрметтеу, адами құндылықтарды бойларына сіңіру – сіздердің еңбектеріңіз бен міндеттеріңіз.

Сондай-ақ депутаттар медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешенінің күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Жыл соңына дейін жаңа қызметтік баспанаға 14 отбасы қоныстанбақ. Аймақ басшылығының мәліметінше, бүгінде Нұра ауданында кадр тапшылығы жоқ. Мәжілісмендер биыл іске қосылған сүт фермасының да жұмысымен танысты. Кәсіпорын 1100 голштин-фриз тұқымды сауын сиыр ұстауға арналған. Ферма тәулігіне – 27 тонна, жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндірмек. Ал Осакаров ауданында орналасқан жел электр стансасында 21 қондырғының 9-ы іске қосылып, энергия өндіріп жатыр. 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Делегация қайта жаңартылған балалар мен жасөспірімдер орталығына да барды. Орталықтағы 25 түрлі үйірмеге ауылдың 600-ден астам баласы қатысады. Мәжіліс Төрағасы халықтан түскен өтініштер мен ұсыныстар парламенттік сессия басталғанда талқыланатынын айтты.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу