Перизат Қайрат ісіне қатысты тағы бір жаңа ақпарат мәлім болды. Ол өзі басқарған қорға түскен ақшаны кәсіпкерлердің шоты арқылы шешіп алып, үлкен қытай сөмкесіне салып алып кеткен. Бүгін сот отырысына куәгер ретінде келген кәсіпкер Әділхан Мусин осылай деді. Айтуынша, Перизат оның әйелімен дос болған. Өзі де желіден волонтердің тасқын кезінде жинақ ашып жатқанын көрген.
«Перизат зардап шеккендерге Қытайдан шұғыл тауар қажет екенін, бірақ ондағы саудагерлер тек қолма-қол ақша қабылдайтынын айтты. Мен отандастарымызға көмек болсын деп, таныс кәсіпкерлердің нөмірін бердім», - дейді кәсіпкер. Осылайша Перизат қомақты қаржыны шешіп алу үшін 12 кәсіпкердің шотын пайдаланған. Әділхан Мусиннің айтуынша, алғашқы қолма-қол транш шамамен 200 миллион теңгедей болған.
Жанел Өтеулі
