Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот отырысы бүгін де жалғасты. Сотқа «Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашев куәгер ретінде қатысты. Ол екі жыл бұрын «Біз біргеміз» қорымен Газаға көмек көрсету жөнінде келісімшарт жасасқанын айтты. Алайда қаржы аударылғаннан кейін Перизат оның мұқтаж жандарға жеткені туралы есеп беруге асықпады, дейді Нұрмашев. Ал түбіртек пен өзге де құжаттарды бірнеше ай өткеннен кейін ғана көрсеткен. Бірақ қылмыстық іс басталғаннан кейін бұл түбіртектердің бәрі жалған, яғни қолдан жасалғаны анықталды деп отыр.
Асхат Нұрмашев, «Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті:
Мақсатымыз - Газа секторына көмектесу еді. Ол кезде қайырымдылықпен халықаралық деңгейде тек «Біз біргеміз» қоры айналысатын. Бір ай бойы бәрін егжей-тегжей тексердік. Жалған құжат жасалуы мүмкін деген ой келмепті. Әуелде халық жинаған қаржыдан 293 миллион теңге жібермекші болғанбыз. Бірақ 200 миллион жібергеннен кейін Перизат қалған 93 миллионды «Біз біргеміз» қорына емес, жеке шотына аударуымызды сұрады.
Бірақ Асхат Нұрмашев Перизаттың бұл талабын орындамай, қалған 93 миллионды елшіліктің шотына жіберген. Бұдан бөлек, сот отырысында өзге де қордың құрылтайшылары мен кәсіпкерлер де қатысты. Бәрі сенімді көрінген әрі көпшілікке белгілі «Біз біргеміз» қорына салынған қаржы мұқтаж жандарға жетпей қалады деп ойламадық дейді. Көбі қайырымдылыққа емес, шалқып өмір сүруге кеткен қаржыны қайтаруды талап етіп отыр. Сот процесі түстен әлі жалғасып жатыр.
Жанел Өтеулі
