Енді мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар тағайындайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар тағайындайды

04.07.2025

Енді мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар тағайындайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің арнайы брифингінде айтылды. Бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық сараптама әділетсіз деп жиі шағымданатын. Қаптаған құжат жинау да қажытады. Мұны барынша ашық әрі жедел іске асыру үшін Президент тәуелсіз сарапшылар тізімін жасақтауды тапсырған еді. Былтыр пилоттық режимде басталған жобаға 50 дәрігер қатысқан. Соның ішінде 18 дәрігер іріктеуден сәтті өтіп, тұрақты сарапшы ретінде бекітілді. Олар 1 жылда 7 мыңнан астам медициналық сараптама жүргізген. Іріктеу алдағы уақытта жалғасып, жаңа жүйедегі дәрігерлер тізімі кеңейе түспек.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР ЕХӘҚМ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:

Ең алдымен осы ауылдық, шалғайларда тұрған қызмет алушылар үшін жасалып отыр деуге болады. Неге десеңіз, тіпті кеше ғана Ұлытау өңірінен 200 шақырым жерден келіп, комиссиядан өткен екен. Үміттеніп келгенімен, мүгедектік оған тағайындалмады. Ол кісі енді 3 айдың ішінде осы шешімге келіспеймін деп арыздана алады.

Жанел Өтеулі

Хабарламаларға жазылу