Елімізде кассациялық сот жұмысын бастады. Енді аппеляциядан әділдік таппағандардың шағымы 6 ай ішінде қаралады. Әр істің байыбына барып, мән-жайды мұқият бағамдау үшін шағымдар азаматтық, әкімшілік не қылмыстық бағыттың бірінде зерделенеді. Сот жүйесінде тағы қандай өзгерістер бар?
Кассациялық соттар Астана қаласында жасақталып, барлық өңірден келген шағымдарды қарайды. Бұл жергілікті заң органдарымен ымыраластыққа жол бермеу үшін жасалып отыр. Осыған дейін азаматтар аппеляция шешімен келіспесе, іс Жоғарғы сотқа өтіп, шағымдардың 25 пайызы ғана қаралған. Енді арыз-талап, сот процесі кезінде болған кемшіліктер назардан тыс қалмайды.
Ерлан Айтжанов, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі:
Кейбір істер бойынша Бас прокурордың ұсынысымен Жоғары сот қарайды ондай істерді. Кассациялық шағыммен ол іс кассацияға келсе, міндетті түрде сол істі қарайды. Яғни, енді барлық істі қарайды.
Кассациялық сот үш бағытта жұмыс істейді. Адам өлтіру, алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы, жемқорлыққа қатысты шағымдар Қылмыстық істер жөніндегі бағытта қаралады. Ал еңбек дауы, алимент, коммуналдық қызметтер, несиеге байланысты шағымдар Азаматтық істер бөлімінде зерделенеді. Ал басқа да даулы мәселелер Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотта шешіледі. Қазір осы бағыттарда жұмыс істейтін 75 судья іріктелді.
Салтанат Жүнісбекова, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі:
Нақты критерийлер енгізіліген. Кассациялық сотқа өтетін судьялар міндетті түрде сот ретінде 8 жыл жұмыс істеген болуы керек. Оның ішінде 3 жыл аппелециялық сатыда сот болып істеуге міндетті.
Бұған дейін шағымдар осынша уақытта қаралуы тиіс деген талап болған жоқ. Енді кассациялық соттан жауап жарты жыл ішінде келеді. Арызды апелляция шешімін шығарған сотқа барып жазу керек.
Жанел Өтеулі
