Онколог: Күн сәулесі тері қатерлі ісігін туғызуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онколог: Күн сәулесі тері қатерлі ісігін туғызуы мүмкін

30.06.2025

Соңғы 10 жылда елімізде тері қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 20 пайызға артқан. Дәрігерлер тері обыры жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұған ультракүлгін сәуле, косметикалық процедуралар мен тіпті теріге салынған татуировкалар да себеп болуы мүмкін.

Астаналық Дәмелі Шериязданова - тері обырымен бірнеше жыл күресіп, ауруды жеңген. Зейнеткердің айтуынша, диагноз осыдан 4 жыл бұрын қойылыпты. Алғашында аяқтарында пайда болған қара дақтарға мән бермеген. Дәрігерге жүгініп, қатерлі ісік анықталған. «6 химиятерапия алып, қазір ремиссияға шықтым», - дейді ол. 

Дәмелі Шериязданова, қала тұрғыны:

Көптеген дәрігер ауруды біраз анықтай алмады. Есепке тұрдым. Сол жылдан бері тері обыры диагнозы қойылды. Мен ауырғанда осы аяқтан басталды.

Тері қатерлі ісігі - онкологиялық аурулардың ішіндегі өте жылдам асқынатын түрі. Дәрігерлердің айтуынша, бұл кесел соңғы жылдары «жасарып» кеткен. Оған косметологиялық процедуралар да себеп көрінеді. Сондай-ақ теріге салынған бояулар, яғни татуировкалар, экологиялық өзгерістер теріге айтарлықтай әсер етеді деген мамандар күн сәулесі де қауіпті екенін ескертеді.

Нұрлыбек Үдербаев, онколог:

Меланома, саркома сияқты тері аурулары онкологияға жатады. Қазір жастарда да жиі кездеседі. Әсіресе әйелдер арасында көп. Пандемиядан кейін түрлі созылмалы аурумен қатар тері обыры да көбейді. Косметикалық процедуралар, түрлі екпе әсер етеді. Жастар жалпы статистиканың 25 пайызын құрайды.

Елімізде жыл сайын онкологиялық дертке 20 мыңға жуық адам шалдығады. Тері обыры-онкологиялық аурулар ішінде сүт безі мен өкпе ісігінен кейін 3-орында.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

Жыл сайын 20 мың науқас тіркеледі. Биылдан бастап онкология бойынша скринингтен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар да өте алады. Сонымен қатар жаңа технологиялармен жабдықтап, бұл бағыттағы емдеу жұмыстарын күшейтіп жатырмыз.

Күн астында ұзақ болмау, күн сәлесінен қорғайтын жақпамайларды үнемі пайдалану, терідегі кез келген өзгерісті дер кезінде тексеру – кеселден сақтайтын басты шаралар. Дәрігерлер осы қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді. Тері қатерлі ісігі 4-стадияға жеткенде, ем жүргізу қиын екенін еске салды.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу