Парламент депутаттары демалысқа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент депутаттары демалысқа шықты

30.06.2025

Парламент депутаттары демалысқа шықты. 1 шілдеден бастап олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездеседі. Бүгін Сенат пен Мәжіліс үшінші сессия жұмысын қорытындылады. Қос палата қанша заңды қарады? Оның қаншасын қабылдады? Парламент палаталарының бірлескен отырысынан Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Салық кодексі, несие, МӘМС жүйесі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң, лудоманиямен күрес, рақымшылық. Бұл - Парламент қабырғасында қабылданған, халықтың ең көп талқылауында болған заңдардың бір парасы. Мәселен, жаңа Салық кодексінде енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Ал табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мемлекет басшы қойған тапсырмалардың көбісін орындадық. Қажетті заңдарды қабылдадық. Ең бастысы - бізді қуантатын нәрсе халық үшін жұмыс жасап жатыр.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заңдардың ішінде өзекті, қажеттілігі жоғары қандай заңдар бар десе, мен айтар едім - Су кодексі. Өздеріңіз білесіздер, біз суға тапшы мемлекет болып есептелеміз. Бұрынғы Су кодескі тұтынуға арналған еді, ал мына су кодексі үнемдеуге арналған. Яғни, біз барлық принцип, нормаларды үнемдеуге бағыттадық.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Екінші бір заң жобасы, өзім жетекшілік еткен – рақымшылық. Соңғы жасалған ең ауқымдысы - осы. 15 мыңның үстінде адамды қамтиды. Бүгіннен бастап ол заң қолданысқа енеді.

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өңірлерді дамыту бойынша көптеген жұмыс атқардық деп ойлаймын. Ұлттық жобаны өткіздік. Модернизация, инфрақұрылымдар бойынша жылу, газ, жарық, кәріз бойынша жұмыстарды атқардық. Алдағы жоспар - осы қарқынмен жұмыс істейміз.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстанда 230 застава күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл соларды көргім келеді. 3 жылдан бері салынбай жатқан 30 застава бар. Осы сияқты мәселелерді мемлекеттік тұрғыда көтеруіміз керек деп ойлаймын.

Депутаттардың бастамасымен несиеге қатысты да бірқатар жеңілдік жүзеге асты. Мәселен, еGov арқылы қашықтан қарыз алуға тыйым салу тетігі енгізілді. Депутаттар алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығаруға негіз болатын нормалар аясын да кеңейтті.

Жалпы, үшінші сессияда Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мемлекет басшысының барлық идеясымен, реформаларының артында қоғамдық сананы жаңғырту деген ұлы мұрат тұр. Біз, депутаттар, заң шығару үшін де осы мақсаттарды басшылыққа аламыз. Қабылданып жатқан әр заңның өзегінде әділетті, таза, қауіпсіз, бақуатты Қазақстан идеясы жатыр. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау, ұлттық мүддеге қызмет ету барлығымыздың ортақ парызымыз.

Самал Қабышева, тілші:

Атқарылған жұмыс аз емес, алдағы жұмыс одан да ауқымды. 1 шілдеден бастап Парламент депутаттары өңір-өңірді аралап, халықпен кездеседі. Халық көтерген мәселелерді жаңа сессияда, 1 қыркүйектен бастап депутаттық сауал негізінде көтереді. Сол мәселелердің шешілуіне атсалысады. Яғни, халық мүддесі үшін аянбай еңбек ете береміз деді, Парламент депутаттары.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу