Б.Жұқаев бірінші рет Уимблдонның негізгі кезеңінде ойнайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Жұқаев бірінші рет Уимблдонның негізгі кезеңінде ойнайды

27.06.2025

Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаев өз мансабында тұңғыш рет Уимблдон турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды. Ақтау теннис мектебінің түлегі іріктеу сайысының финалында француз өкілі Лука Павловичті жеңді. Бірінші партияда қарсылас 6:3 есебімен басым түссе, кейінгі үш сетте Бейбіт камбэк жасап, жеңісті жұлып әкетті. Екі жарым сағатқа созылған тартысты матчта отандасымыз 15 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.

Бейбіт Жұқаев, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

Іріктеу кезеңінен өткеніме қуаныштымын. Себебі былтыр тура осы айналымда ойнап, француз ойыншысынан жеңіліп қалған едім. Сол кездегі ауа райы бұлтты, ыңғайсыз болғандықтан көңіл-күйіме де әсер еткен болар. Бүгін алғашқы сетте жеңілгенде «қателіктерімді қайталамауым керек» деп өз-өзімді жігерлендірдім. Уимблдонның негізгі кезеңіне қатысатыныма өте қуаныштымын.

Лондонда өтетін Үлкен Дулығаның негізгі кезеңінде ел намысын 6 спортшымыз қорғайды. Ерлерден Александр Бублик, Александр Шевченко мен Бейбіт Жұқаев. Ал әйелдерден жекелей сында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, жұптық сайыста Анна Данилина кортқа шығады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу