ШҚО мен Абай облысында тазалық шарасы өткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО мен Абай облысында тазалық шарасы өткізілді

27.06.2025

Шығыстағы Сартымбет көлінің жағасы қоқыстан тазартылып жатыр. Бұл Ұлан ауданындағы жыл он екі ай туристер үзілмейтін аумақтың бірі. Сондықтан «Таза жағалау» экологиялық акциясына сол маңдағы ауыл тұрғындары да қолғабыс етті. Жағажайға демалуға келгендерден қалған күл-қоқыс пен қалдықтарды жинады. Талай жылдан бері жиналған қоқыс көлдің экожүйесіне де кері әсерін тигізеді. Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған акцияға волонтерлар ұйымы мен эко белсенділер қатысты.

Бауыржан Биғалиев, Ұлан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

Екі жағажай бар. Сол екі жағажайды тазартып, шамамен екі шақырымдай жерден 2 тоннадай қоқыс шығаруды жоспарлап отырмыз.    

«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Абай облысында 40 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Экологиялық акцияға бүгінге дейін 200 мыңнан астам адам қатысты. Ал бүгін Шүлбі кенті мен су қоймасының маңы тазартылды. Оған аудан тұрғындары мен түрлі мекеменің жұмысшылары қатысты. Жетпістен адам жиналып 10 тоннаға жуық қоқыс шығарды. «Таза жағалау» акциясы өңірдегі тағы үш ауданда бір уақытта ұйымдастырылды.

Олжас Бейсембаев, Абай облыстық жастар мәселесі жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы: 

Тазалықты өткізу арқылы бір қоғамға деген өзінің кішігірім үлесін сезініп отыр ғой деп ойлаймыз. Сондықтан бүгінін іс шара осымен аяқталмайды. Жаз бойы тұрақты түрде әр ауданда жалғастырамыз. 

 Олжас Керейхан, Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу