Абай облысының ауыл шаруашылығына ауқымды инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының ауыл шаруашылығына ауқымды инвестиция тартылды

27.06.2025

Абай облысындағы Мақаншы ауданы ауыл шаруашылығын инвестиция есебінен дамытпақ. Қазірдің өзінде құрылғанына аз ғана уақыт болған ауданда ауқымды жобалар іске аса бастаған. Мәселен диқандар жылда өсірген мол өнімді өткізе алмай қиналатын. Биылдан бастап ол түйткілден арылатын сыңайлы.

31 жастағы Нұржан Төлегенов өңірдегі ең ірі шаруа қожалығының бірін басқарады. Етті бағытта сиыр өсіреді. 4 жылдан бері мал азығына қажет жүгеріні тамшылатып суару әдісі арқылы өсіре бастаған. Биыл 125 гектарға жүгері екті. Өнімділік өте жоғары дейді. Қосымша 60 гектарға бидай, тағы осынша жерге екпе шөп салған.

Нұржан Төлегенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Бұйырса үлкейтіп жатырмыз. Жаңбырлатып суару әдістерін қолданып, сол аппараттарды құрсақ. Тағы да 100 гектарға тамшылатып суару жоспарда бар. Оның бәрі мал бордақылауға азық ретінде кетіп жатыр.

Диқан дәнді-дақылдарды тек мал азығы үшін ғана егіп отыр. Аста-төк астық салуға да қауқары бар. Бірақ артылғанын өткізетін орын жоқ. Бұл ісін дамытқысы келетін көп шаруаның мәселесі. Жақында ол түйткіл шешілмек. Өйткені 16 миллиард теңге инвестицияға ауылдың дәл іргесінен құрама жем өңдеп, май өндіретін зауыт құрылысы басталған.

Серік Рымбаев, кәсіпкер:

Мақаншы, Үржар өңірі шикізатқа өте бай ғой. Шемішке дейміз. Арпамыз бар, бидайымыз бар. Бізге қажет шикізаттың көлемі. Өндіретін зауыт болмай тұрған. Осыны қолға алып былтырдан бері, өзіміз инвестиция салып туған жерге. Сондай бастап жатырмыз.

Күніне 1 мың тонна құрама жем мен осынша өсімдік майын дайындайтын зауыт биыл күзде іске қосылмақ. Қазір құрылыс жұмыстарының дені аяқталған. Өндірісте 140 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жаңадан құрылған Мақаншы ауданында осылайша қомақты инвестиция тарту арқылы өңір экономикасын аз жылда аяғынан тұрғызу жоспарда дейді жауаптылар.

Бауыржан Қаңтарбаев, Мақаншы ауданы әкімнің орынбасары:

Шет елдік инвесторларды тарту арқылы келетін инвестиция біршама. Тамшылатып суару бойынша бізге жоспарланып отыр. Ауданға бір зауыт салынады. Оның құны да қомақты. Қант қызылшасын өндіретін зауыт салынады деген жоспар бар.

Жалпы Абай облысында түрлі саланы алдағы жылдары инвестиция есебінен дамтуға ерекше мән беріліп отыр. Тек биылдың өзінде 31,1 миллиард теңгеге 10 жоба іске асып, 800 ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу