Ақтөбеде «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған бұл шара Жеңістің 80 жылдығына арналған.
Әлия Молдағұлова ескерткішіне жиналғандар алдымен батыр рухына тағзым етті. Одан соң жастарға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің естеліктері мен өсиет сөздері жазылған хаттар табысталады. Мақсат – ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тарих пен ата-баба ерлігіне құрмет көрсету. Қазір елімізде санаулы ғана соғыс ардагері қалды. Олардың өсиет хаты енді Орал қаласына жеткізіледі. Жастар марафоны еліміздің барлық аймағында өтеді.
Самғат Артығалин, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы:
Хаттың мән-мағынасы - қиын жылдардан өткен ата-бабаларымыздың жолы, қандай қиын болса да, қазір бейбіт күннің қадірің біліңдер, елдің ертеңін ойлаңдар, білім алыңдар, оқыңдар, ізденіңдер деген жастарға өсиеті. Барлық өңірді аралап шығады.
Жақсыбек Кемал
