Уимблдонның биылғы жүлде қоры – €50 млн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уимблдонның биылғы жүлде қоры – €50 млн

24.06.2025

Уимблдонның жекелей сынында чемпион атанған теннисшіге 2 миллион 700 мың еуро, теңгеге шаққанда 1 жарым миллиардан астам теңге бұйырады. Жалпы биыл 138-ші рет өткізіліп жатқан Үлкен дулыға турнирінің жүлде қоры – 50 миллион еуро. Жарыста ересектер жекелей, жұптық және аралас сында бақ сынайды. Шөп жабындысында өтетін бұл сында әлемнің мықтылары да сынға түседі. Фавориттер қатарында Ролан Гарростың финалистері Карлос Алькарас пен Янник Синнер, Сербиялық аңыз ойыншы Новак Джокович және британиялық жұлдыз Джек Дрейпер бар. Уимблдонның екі дүркін чемпионы – испаниялық Алькарас чемпиондық атақты үшінші мәрте иеленуге дәмелі. Ал Синнер болса, финалға дейін жетіп Париждегі ауыр жеңілісінің есесін қайтаруға ниетті. Әйелдер арасында әлемнің бірінші ракеткасы, беларусь спортшысы Арина Соболенка биылғы Уимблдонның басты фавориті саналады. Оның ізін қазақстандық бұрынғы чемпион Елена Рыбакина, америкалық Кори Гауфф және польшалық Ига Швёнтек қуып келеді. Айта кетейік, үш дүркін Grand Slam жеңімпазы Соболенка Уимблдон финалына әлі шықпаған. Америкалық Гауфф үш рет қатарынан төртінші айналымнан аса алмаса, Швёнтек ширек финалмен шектелген. 

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу