Иранда - 50, Израильде - 170 қазақстандық бар. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлім етті. Айбек Смадияровтың сөзінше, Ирандағы 50-ге жуық отандасымыздың жартысынан көбі елшілікте жұмыс істейді. Яғни дипломатиялық бағытта еңбек етіп жүрген еліміздің өкілдері. Сондықтан олар елден әзірге кете алмайды.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Оларды эвакуацияласақ, қалғандарына кім көмектеседі? Сондықтан елшілік қашан эвакуация жасайды деген сұрақтарды қоймай-ақ қойыңыздар. Олар сол жерде жұмыс істеп жатыр. Ал Израильде 170-ке жуық Қазақстан азаматы қалып отыр. Олар басқа да әуежайлар арқылы шығып жатыр. Бірақ сонда да елшілікке хабарласса, біз көмек көрсетуге дайынбыз.
Дипломатиялық өкілдіктермен жедел байланыста болу үшін экранда көрсетілген телефондарға хабарласу қажет. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Таяу Шығыс елдеріне туристік мақсатта баруды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға алдын ала ойлануға кеңес берді. Себебі ахуал күрт қиындап кетсе, бұл елдерден ел азаматтарын шығарып алу қиындап кетуі мүмкін. Еске салайық, өткен аптада Таяу Шығыс елдерінде жүрген 300-ге жуық қазақстандық эвакуацияланды. Олардың 230-ы Ираннан, 66-ы Израильден елге аман-есен жеткізілді.
Самал Қабышева
