Француз телеарнасы Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямованы эфирде көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Француз телеарнасы Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямованы эфирде көрсетті

21.05.2018

Шетелдік ақпараттық агенттіктер қазақ қызы жайлы жарысып жазып жатыр. Ал, француз телеарнасы Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған қазақстандық Самал Еслямованы эфирде көрсетті. Кино өнеріндегі ірі байқаулардың бірі – Канн кинофестиваліне ұсынылған «Айка» фильмі 7 жыл бойы түсірілген екен.  Самал Еслямова бұл психологиялық драмаға ұзақ дайындалғанын айтып, түсірілім кезінде қиындықтар болғанын да жасырмады.

Алайда, актрисаның шеберлігі мен режиссерлік топтың кәсібилігінің арқасында үлкен номинацияны жеңіп алды. Айта кетерлігі, фильм режиссері Сергей Дворцевой да Қазақстанда туып-өскен. Ал, «Айка»  драмасы Қырғызстаннан келген қыздың тағдыры жайында. Бас кейіпкер Мәскеуде босанып, баласын перзентханада тастауға мәжбүр болады. Картинада сол қыздың аналық сезімі мен қайғы-мұңы суреттеледі. 

Самал Еслямова, Канн кинофестивалінің «Ең үздік актриса» жүлдесінің иегері:

- Фильм көрерменнің қызығушылығын оятуы үшін барынша үлесімді қостым. Бұл - психологиялық драма. Түсірілім кезінде біраз қиындық болды. Алайда, түсірілім тобының кәсібилігінің арқасында осындай жеңіске жеттік. 

Самал Еслямова төрткүл дүниенің дүйім жұртын талантымен тамсандырса, қазақ халқын ол өнерінен бөлек, ұлтжандылығымен сүйсіндірді. Әсіресе, оның 71-ші Канн кинофестивалінің марапаттау рәсіміне қазақтың оюымен безендірілген киім киіп, күміс білезік таққаны әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Осылайша, қазақтың жаңа жұлдызы еліміздің абыройын әлемдік аренада еселей түсті. Қазақстан тәуелсіздік жылдары кино саласында мұндай ірі жүлдеге бұрын-соңды қол жеткізбеген еді. Сондықтан, Самалдың есімі тарихта қалатынына күмән жоқ. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Ол біз үшін үлкен жетістік. Қазір ерекше айта кету керек, спорт саласында Геннадий Головкин ең бірінші әлемге танымал болған боксшы. Сонымен бірге, Димаш Құдайберген екі жыл қатарынан Қытайдың «Ең үздік әншісі» атанды. Ал, енді қызымыз Канн кинофестивалінде әйел образын жасағаны үшін сыйлық алуы Қазақстан өнерінің жоғары деңгейде екенінің бірден-бір дәлелі. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу