«Tungi studio»-ның жаңа маусымдағы алғашқы қонағы – Самал Еслямова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Tungi studio»-ның жаңа маусымдағы алғашқы қонағы – Самал Еслямова

04.09.2018

Қыркүйектің 3-інде «Tungi studio» бағдарламасының жаңа маусымы шымылдығын ашты.

Жаңа маусымдағы бағдарламаның алғашқы қонағы 71-ші Канн фестивалінде «Үздік актриса» номинациясына ие болған Самал Еслямова.

Ол марапаттау рәсімінде өз атын естіп, қорқып кеткенін айтады.

Бір қызығы ол бала кезінде актриса болуды емес, журналист болуды армандаған. Мақалалар, өлеңдер жазған. Бірақ журналистикаға балы жетпегендіктен, актрисалық оқудың конкурсына қатысып, оқуға қабылданады. Мәскеуде білім алған актриса өз қарымын шыңдайды.

Ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде Мәскеуде тұратын баласын тәрк еткен қырғыз қызының рөлін Қызылжардың қарапайым ғана қазақ қызы Самал сомдады. Самал бұған дейін де аталмыш режиссердің «Тюльпан» киносына түскен болатын. Ол кезде киноның режиссері Канн фестивалінде «Ерекше көзқарас» аталымын жеңіп алған.

Фильмнің сценарийін кино режиссері өзі жазған. Оған себеп – бір жылда Мәскеуде тұратын екі жүз қырғыз қызының өз баласын тәрк ететіні. Режиссер бұл статистикаға не себеп болғанын терең зерттеп, кино түсіруді шешкен.

Кино алты жыл түсірілген. Самалдың айтуынша, картинаның мұншалықты ұзақ түсірілуіне режиссердің тек табиғи көріністерді ғана түсіретіні себеп болған. Деректі фильмге үйренген режиссер жасанды қарды түсіру деген ойды құптамайды. Кино режиссері адамның ішкі сезімдерін табиғатпен үйлестіріп беруді көздейді. Баласын тастап, кейін өкінген ананың жан айқайын табиғаттың долданып, бораған ақ түтек қарымен береді. Бірақ киноның алғашқы жылында ғана Мәскеуде қар жауады. Екінші жылында қар жаумағандықтан, Мурманск қаласына барып түсірген. Фильмде Мәскеу қаласы көрсетілуі керек болғандықтан, түсіру қиынға соққан. Самал Еслямова кейіпкерді шынайы беру үшін қардың жауған уақытында таңғы 5:00-де тұрып, жұмыс жасағандарын айтты.

Кино 5 мемлекеттің өнімі: Қазақстан, Қытай, Ресей, Польша, Германия.

Ол марапаттау рәсімінде ұлттық нақышта киініп, сөзін қазақша бастаған болатын.  Қазір Самал отандық БАҚ беттерінен бөлек, шет елдік БАҚ-та да жиі жарияланып жүр. Ол ТМД елдері арасында «Үздік актриса» атағын жеңіп алған бірінші актриса.

Самал қазіргі таңда Ерлан Нұрмұхамедовтің картинасына түсіп жатыр.

Бағдарламада сонымен бірге аталмыш хабардың екінші жүргізушісі халық алдына шықты. Енді тізгін – Динара Қырықбайда.

Естеріңізге сала кетейік, «Tungi studio» бағдарламасын дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 23:50-де тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу