Жетісу облысындағы ауылдағы мәдениет үйі 20 жылдан бері қаңырап тұр
Жетісу облысындағы Алтынемел ауылында 20 жылдан бері мәдениет үйі қаңырап бос тұр. Кезіндегі зәулім ғимарат әбден тоналып, қазір тоз-тозы шыққан. Ал жергілікті тұрғындар руханият ордасын қайта жөндеп, қалпына келтіріп беруді сұрайды. Алтынемелге арнайы барған әріптесім Дамир Нұрмұхамет сабақтайды.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Бұл мәдениет үйі 1975 жылы бой көтерген. Сол кездегі алып ғимараттардың бірі саналды. Ән, би залдарынан бөлек, спорттық үйірмелер, тіпті кинозал да болған. Қазіргі жағдайы көріп тұрғандарыңыздай руханияттың ордасы шаңырағы ортасына түсіп жермен жексен болып жатыр.
Зәулім ғимарат қазір адамдар үшін қауіпті нысанға айналған. Қабырғасы қақырап, едені опырылған ескі үй ашық-тесік жатыр. Ән әуелеп, күй күмбірлеген рухни ошақ жастығымыздың куәсі еді деп еске алады ауыл тұрғыны Алтын Диқанбаева. Оның айтуынша мұнда үлкен кітапхана болған. Өзі де осында кітапханашы болып істеген. Қазір сол кездегі сирек кітаптардың парақтары әр жерде шашылып жатыр.
Алтын Диқанбаева, ауыл тұрғыны:
Біздің мәдениет үйіміз өте жақсы бір керемет мәдениет үйі еді. Бұл мәдениет үйіне талай атақты адамдар да келген. Мақпал Жүнісова, Нұрғали Нүсіпжанов талай концерттерін қойған. Осыны жақсартып салып берсе, көп адамның арманы осы.
Жәмилә Молдахметова, ауыл тұрғыны:
Өзіміздің балалық шағымыз осы мәдениет үйінде өткен. Қазір енді қарасақ жанымыз ашиды.
Кербұлақ ауданында 12 мәдениет үйі бар. Былтыр Шұбар мен Қоянкөз ауылына екеуі салынды. Ал Алтынемелдегі әбден тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге қомақты қаржы керек дейді жауаптылар. Әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан шағын ғана мәдениет үйін салмақ. Ол үшін арнайы жер де қарастырып қойыпты.
Бақыткелді Қабидолда; Кербұлақ аудандық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттамасы толық әзірленіп, 16 сәуірде осы ағымдағы жылдың сараптаманың оң қорытындысы алынды. Енді жобалық сметалық құжаттама бойынша нормативный срок строительства дейміз ғой 4 ай, мердігерді анықтағаннан кейін 4 айда салынатын болады.
Құрылыс бөлімінің басшысы келер жылдың басында жаңа мәдениет үйі елдің игілігіне беріледі деп тұрғындарды қуантып қойды. Ал ескі нысанның не құлары, я тұрары белгісіз. Қауіпті болса да ауыл халқы оны бұзуға қимайды. Мәдениеттің отауы құласа, өнердің тамыры үзілеме деп қорқады.
Дамир Нұрмұхамет
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
