Биылғы жылдың футбол әлеміндегі басты жаңалығының бірі — Өзбекстан ұлттық құрамасының алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алуы болды. Бұл — тек бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл Орталық Азия футболының тарихи жетістігі. Ал Қазақстан болса, әлі күнге дейін ірі турнирлердің топтық кезеңінен әрі аса алмай келеді. Көршінің жетістігіне қуанамыз, әрине, бірақ, екі кейсті салыстыруға негіз де бар.
Өзбекстен Әлем чемпионатына бұл матчқа дейін де өтіп тұрған. Бірақ, жанкүйелеріне сый жасап, Қатарға қатарынан үш гол салып, өз қақпасына доптың көлеңкесін де түсірмеді. Тарихи жетістікті мемлекет те жоғары бағалап отыр. Әр спортшыға бір-бір көліктен берілді.
Өзбекстан футбол федерациясы соңғы он жылдықта жастар футболына ерекше көңіл бөліп, ел ішіндегі академияларды күшейтті. 2018 жылы 23 жасқа дейінгі құраманың Азия чемпионатын ұтып алуы —жүйелі жұмыстың алғашқы жемісі болатын.
Тимур Кападзе, Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Ұлттық құрама - елдің негізгі командасы, сондықтан жауапкершілік жүгі ауыр. Осыны сезініп, барымызды салдық, нәтиже көз алдарыңызда.
Қазақстан Премьер Лигасында әлі де шетелдік футболшылар көп. Легионерді мемлекет тарапынан қаржыландыру енді тоқтады. Ал өзіміздің жас футболшылар ойын тәжірибесін шетелден емес, тек қосалқы құрамнан жинап жүр. Оның үстіне ұлттық құрамада үнемі бапкер ауысып, тұрақты тактика мен ойын философиясы қалыптаспай келеді дейді сарапшылар.
Бек Шымат, спорт журналисі:
Өзбекстан кезінде бізден футболдан төмен болған, бокстан да төмен болған. Бірақ, олар алға стратегия құрды. Инфраструктураны дамытты, олар спортшылардан гөрі, спортшыларға жағдай жасайтын нысандарды көбейтті. Сол себепті де олар қазір алда келе жатыр. Ал бізде нысандар жоқ, бірақ спортшылар бар. Біздің спортшылар жүгіріп шаршап жүрген жоқ, жаттығатын зал іздеп шаршап жүр.
Футбол тек спорт ғана емес, футболда мүдде, елдің бет-беделі де бар. Өзбекстан Әлем чемпионатына баратын жолдаманың жолын көрсетті. Әлбетте, олар Азияның, біз Еуропаның жолын таңдадық. Бірақ құрыққа ілінбеген жолдама құрлыққа да қарап тұрған жоқ.
Азамат Бейбітұлы
