Мектеп кітапханалары қорының тек 11,8 пайызы ғана қазақ тіліндегі кітаптар. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар кітаптарының жыл сайынғы жалпы шығарылымы небәрі 30-40 атаудан тұрады. Сенатор Руслан Рүстемов депутаттық сауалында осылай деп, еліміздегі балалар әдебиетінің жұтаңдығын көтерді. Оның айтуынша, Қазақстанда балалардың тек 3-тен бірі ғана кітапты өз еркімен оқиды. Ал ауылдық жердегі балалардың басым көпшілігі көркем әдебиетті тек мектеп тапсырмасын орындау үшін оқитыны анықталған.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Халықаралық ұйым бұл нәтижелерге сүйене отырып, қазақ балаларының көркем әдебиетке қызығушылығы төмен және оқу мәдениетінің жеткіліксіз деңгейде екенін атап көрсетті. Балалар жазушылары мен баспагерлердің айтуынша, кітаптардың орташа таралымы 1000-2000 дана аралығында ғана болып, бұл бүкіл республикадағы балаларды қамтуға жеткіліксіз. Балаларға арналған анимациялық әдебиет, инклюзивті бағыттағы және көптілді контент секілді заманауи бағыттар назардан тыс қалып отыр.
Ең таңдаулы 100 кітап анықталады
Еске салайық, төл әдебиетіміздегі танымал 100 туындыны анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама жүріп жатыр. «100 кітап» ұлттық сауалнамасына қатысу үшін е-Gov Mobile қосымшасын жүктеп, порталға кіресіз. Басты бетте «Таңдаулы 100 кітапты бірге анықтайық!» деген батырманы басып, кітап ұсыну бетіне өте аласыз. Сол жерден өзіңізге ұнайтын 10 шығарманы енгізіп, «Дайын» батырмасын басыңыз. Сауалнама нәтижесі 10 тамыз - Абай күнінде жарияланады. Жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.
Азамат Бейбітұлы
