16 жасында кісі қолынан ажал құшқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты соттың осы аптадағы отырыстарында жәбірленуші тарап істі прокуратураға қайтару туралы өтініш түсірген.
Шерзаттың отбасы қылмысты бір топ адам жасағанымен адам өлтіру айыбы тек бір адамға ғана тағылып отыр деп есептейді. Бірақ прокурор Дана Сәрсенбай қарсы шықты. Судья Ержан Жанұзақов өтінішті қанағаттандырмады.
Тек «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпталып отырған Абзал Шынасылдың адвокаты жәбірленуші жақтың өтінішін қолдады.
«Мен жәбірленуші жақты қолдаймын. Қазір шынымен де барлығы кінәні Шынасылдың мойнына артқысы келеді. Ешкім жауап бергісі келмейді. Мүмкін, сол кезде шындыққа жететін шығармыз» деді ол.
Бірақ айтып отырмыз ғой, прокурор қарсы шықты, судья өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Сонымен бірге жәбірленуші жақтың адвокаттары куәгер мәртебесі берілген Элмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдіні сотқа шақыруды ұсынды. Олар қылмыс болған күні сотталушылардың жанында болған, алайда куәгер деп танылған. Оқиғадан кейін айыпталушылар бар, жаңағы күдіктілер бар көлік ішіндегі бейнетіркегішке жазылған әңгімесі жарияланған.
«Видеожазбадан Нұрбекованың шок болмағанын көрдік. Сондықтан оны куәлік беруге шақыруды сұраймыз. Оның да іске қатысы бар деп есептейміз» деді жәбірленуші тарап адвокаттары.
Судья бұл мәселе «үкімді шығарған кезде кеңесу бөлмесінде қаралады» дейді. Ал боқтық сөзге толы жазбаны тыңдау мүмкін емес. «Адам өліп қалмады ма, не істедік біз» деп отырған ешкім жоқ...
Істе 9 айыпталушы бар. Бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім. Абзал Шынасылдан басқа сотталушыларға негізінен «Бұзақылық» бабы бойынша айып тағылған.
Ертеңге белгіленген сот отырысында жарыссөз басталады.
