Бала – ата-ана – мұғалім үштігі: Қатыгездік қайдан шықты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала – ата-ана – мұғалім үштігі: Қатыгездік қайдан шықты?

01.06.2025

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысының қылығы. Емтиханға смартфон алып кіргенімен қоймай, мұғалімге ауыр, жаман сөз айтуы. Алматы маңындағы ауылдың түлектері өткізген кеште бір баланың бір балаға шампур тығып алғаны, тағысын тағы.

Тек 2024-25 оқу жылында балалар істеген жаның түршігетін оқиға аз болған жоқ. Қатыгез, әлімжеттік көрсетуге бейім, эмоциясын басқара алмайтын балалар... Жеке дара болмаса, жалпы бала – ата-ана – мұғалім үштігі жоқ, солай ма?

Ата-аналардың басым көбі жауапкершілікті, тәрбиені мектепке артып қойған, шын ғой? Бірақ мектептердегі балалар қоғамдағы ата-аналарының өмір сүру ережесін қайталайды. Біздің әңгімеміз бен әрекетімізді қайталайды. Олар – айнадағы біз.

Аятжан Ахметжанұлы есімді белгілі педагог бар, facebook-тегі парағындағы жазбасында былай дейді:

... Қазір қыздарға дейін, кішкентай балаларға дейін боқтап сөйлейді. Тіпті жағаңды ұстайсың. Оқушылардың мұғалімсіз отыратын чаттарына кіре қалсаң, ана жердегі тілдесу мәдениетінен адам шошиды. Біраз жыл осы мәселені көп ойландым. Бірақ «сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды». Себеп балада емес, себеп қоғамда екен.

Аулада бала ойнатып, балалармен тұра қалсаң, телефонда немесе өзара сөйлесіп тұрған адамдардың аузынан «ақ ит» кіріп, «көк ит» шығып жатады. Қасында балалар ойнап жүреді, адамдар әлеуметтік орта деп тіпті ойланбайды. Көшеде кетіп бара жатсаң, кей адамдардың сөзінен адам ұялады. Сөзден құсық төгіліп, жын шашырап кетіп бара жатқан адамдарды көресің.

...Тіпті кей отбасында дастарқан басында боқтап отыра беретін үлкендерді көреміз.

 ...Мектепте күнде тәрбие береміз, бірақ қоғам лас, есіктен шыға бере бүлінеді.

Иә жұмыс деп шапқылаған ата-аналарды түсінесің. Сонымен бірге «өре» деген де адамның бәрінде биік бола бермейді... Тақырыпты Елдос Есенбол сараптайды.


Хабарламаларға жазылу