Түркістан облысында «Мың бала» олимпиадасының жүлдегерлері өздері таңдаған мамандандырылған зияткерлік мектептеріне оқуға қабылдана алмады. Өйткені электронды өтінімдерді тіркеу ісін ұйымдастырған «Ел үміті» қоры алғашқы нәтижелерді жойып, аяқ астынан қайта тіркеу ұйымдастырған. Қазығұрт ауданында тұратын Мағжан Омар білім олимпиадасында 355 балл жинап, жеңімпаз атанғандардың бірі. Ол құжаттарын білім инновация мектебіне тапсырып, оны электронды түрде сәтті жүктеген. Алайда арада жарты сағат өткенде жүйеде ақау шығып, барлық дерек жойылып кеткен.
Мақсат Төребаев, ата-ана:
Сағат 15:00-де кірсек, 1 минутқа жеткен де жоқ, 0 деп тұр. Артынша телефон соқсақ, ешқандай жауап берілмейді. Бірінші емес, жылда қайталанатын нәрсе екен.
Гүлнұр Елшібаева, ата-ана:
Меніңше өздері қолдан істеп отыр. Әділдік болған жоқ. Өздеріне керек болды ма, ол жағы түсініксіз. Сонша дайындалдық. 1 жыл бойы ақылы дайындалдық. Барлығы күйіп кетті деп қарап тұрсаңыз.
«Елі үміті» қоры өкілдері алғашқы ұйымдастырылған қабылдау кезінде жүйеде ақау болғанын растап отыр. Сондықтан тап сол сәтте құжат тапсырып, мамандандырылған мектепке қабылданып қойған 68 баланың деректерін жоюға тура келген.
Абылайхан Қайроллаев, «El umiti» корпоративтік қорының орталық жетекшісі:
Сағат 15:00-де біздің платформамызға 120 адам кіріп, оның 57-і мамандандырылған мектептерге өтінім бере алған. Сол себепті бұл жерде бәрі әділ өтті деп толық айтуға болады.
Ғани Қалмаханов
