Аралда экотуризм өркендеп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралда экотуризм өркендеп келеді

24.05.2025

Қызылорда облысы Арал ауданы экотуризм орталығына айналуы мүмкін. Жер бетіндегі ең үлкен экологиялық апат аймағын өз көзімен көруге келетін туристердің саны жылдан жылға артып отыр. Былтыр 20 мыңға жуық адам осы өлкеге табан тіреген. Алыс-жақын шет елден жеткен туристерді не қызықтырады? 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бір заманда Арал теңізінің толқыны мына жоталарға дейін жеткен. Қазір теңіздің құрғаған ұлтанында осы қыраттар ғана қалды. Экологиялық апат аймағындағы осындай орындар бүгінде туристердің қызығушылығын туғызып отыр.

Барбара Мёлиндик әлемдегі экологиялық апаттардың зардабын зерттеп жүрген Германияның эколог-ғалымы. Көптен бергі арманы орындалып, алғаш рет Аралға келіпті. Сор басқан порт жағалауына барып бұрын теңізде жүзген үлкен қайықты көріп таңданысын жасырмады.

Барбара Мёлиндик, турист:

Аралға келу көптен бергі жоспарым еді. Барлығын өз көзіммен көріп, жағдайды бағамдап жатырмын. Бүтін бір теңіздің жойылып кетуі өте үлкен қасірет. Мәселен, жер бетінде климаттың жылынуы 1,5 пайызды құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 2 пайыз. Аралдың ұлтанынан ұшқан тұзды шаң Антрактидаға дейін жетіп жатыр.

Жылдан жылға теңізді өлкеге келетін туристер көбейген. Былтыр алыс-жақын шет елден мыңға жуық адам Аралға табан тіреп, жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысқан. Әсіресе, балықшылар мұражайынан турист арылмайды.

Дмитрий Кретов, турист:

Жұмыс барысымен досымызбен бірге осы өңірге келгенбіз. Арал қаласы ұнады. Қайықтан мұражай жасап қойғаны ерекше қызықтырды. Енді Кіші Арал теңізін барып, Көк Арал бөгетін көрсек деп отырмыз.

Арал экологиясына әлем назарын аудару үшін өлкеде экотуризмді дамыту маңызды. Бүгінде Халықаралық Аралды құтқару қоры бұл бағытта «Геопарк Арал» жобасын әзірлеп, туристер баратын негізгі нысандар айқындалып отыр.

Толыбай Әлжанов, Аудандық Спорт және туризм бөлімінің басшысы:

Ақеспе елді мекеніндегі ыстық су бұлағын Көк Арал бөгетіне қостық. Барсакелмес қорығы жағында оазис деп айтамыз. Одан кейін Кердері аймақтарын кіргізіп отырмыз. Осы 6 туристік нысан қолдау тапса дейміз.

Жергілікті кәсіпкерлер де туристерге қолайлы жағдай жасап, ауданда сервистік қызметтің сапасы арта түскен. Жаңадан қонақ үйлер салынып экотуризмнің өркендеуіне мол мүмкіндік бар.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу