Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты он бірінші сот отырысы өтті. Бүгін жәбірленуші тарап пен сотталушылардың беттестіру кезіндегі бейнежазбасы сараланды. Сондай-ақ марқұм Шерзаттың денесіне жасалған сот медициналық сараптамасы баяндалды. Жәбірленуші тараптың адвокаттары сот залына сарапшы Тахир Қалиназаровты шақырған.
Еске сала өтейік, Қалиназаров бұған дейін Бишімбаев ісінде марқұм Салтанат Нүкенованың мәйітіне сот медициналық сараптама жасаған. Ал бүгінгі сотта сарапшы жасөспірімнің сол жақ арқа тұсына пышақпен жасалған жарақаттың тереңдігі 12 см, ені 2 см болғанын айтты. Соның салдарынан марқұмның кеуде қуысына бір жарым литр қан жиналып, соңы өлімге әкелген деген тұжырым жасады.
Тахир Қалиназаров, сот-медициналық сарапшысы:
Қан тез жоғалтқан кезде 500-600 милилитрдан кейін адамның жағдайы ауырлайды. Ал бұл жерде бір жарым литр. Егер бір литрға дейін қан кетпей көмек көрсетілсе, сақтап қалуға болар еді.
Ал мемлекеттік сарапшы Мұхит Оралбайұлы марқұм Шерзат Полаттың денесіндегі өзге де жарақаттардың орнын макет арқылы көрсетті. Ол сұғып әрі кесетін затпен салынған жарақаттың өкпенің жоғарғы бөлігін кесіп өткенін айтты. Бүгінгі сот осылай қорытындыланды. Соңғы 3 күннің ішінде сотталушылардан жауап алынып, 62 томдық іс құжатқа тіркелген дәлелдемелер сараланды және беттестіру хаттамасы оқылды. Келесі сот отырысы 28-29-мамырға белгіленді. Ол сот процесіне жәбірленуші тараптың келуін судья Жанұзақов адвокаттарына тапсырды.
Дамир Нұрмұхамет
