Алматыда балаларын шетелдің беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсіреміз деген 3 жүзге жуық ата-ана алданып қалды. Олар өздерін ресми орталық ретінде жарнамалап, бүкіл құжаттарын көрсеткен компанияға миллиондап ақша құйған. Тегін оқуға түсіреміз деп уәде беріп, ата-аналарды сан соқтырған орталық өкілдері қазір қайда? Полиция не дейді?
Алданып қалған түлектің бірі – Кирилл. Күзде Америка Құрама Штатына оқуға түсуі керек еді. Ол шетелде оқуға көмектесеміз деген орталыққа 1 млн 400 мың төлеген. Алайда оған АҚШ та бұйырмады, ақшасын да қайтара алмай жүр...
Кирилл Клиновицкий, түлек:
Мен бұл оқу орталығына досымның кеңесімен келдім. Ағылшын тілі деңгейін көтеріп, робототехника мамандығына түсуім керек еді. Сабақ жүйелі болмады. Енді не істерімді білмеймін.
Сан соққан ата-аналар компания өкілдері жалған құжат пен шетелдің үздік оқу орындарының мінсіз жобасын көрсетіп қызықтырды. Соған сеніп қалдық, дейді.
Айгүл Нұржанқызы, түлектің анасы:
Шетелге кетеміз дегеннен кейін ҰБТ-дан да, басқадан да бас тарттық. 10-сыныпта оқиды. Біз осы «Ғасырда» оқимыз деп, КТЛ-дан шығып келдік. Енді білмейміз, бала не ары емес, не бері емес боп қалды. Не IELTS жоқ, не SAT жоқ.
Ал алданғандар тек алматылықтар емес, еліміздің әр түкпірінен 300-ден аса ата-ана бар. Ең сорақысы - компанияның желідегі парақшасы әлі күнге дейін жарнамасын жалғастырып жатыр. Осы ретте заңгер Кәмшат Шынтекова оқу орталықтарын ашу тәртібіне өзгеріс енгізу керек, дейді.
Кәмшат Шынтекова, заңгер:
Мұндай курстарға талап қою керек. Себебі қазіргі таңда бұл бір қайталау емес. Өткен жылдары да, алдыңғы жылдарда да болды. Және оны сертификаттау керек. Одан тысқары бюджеттік қаражаты болуы керек. Бюджеттік қаражаты мемлекетке 10 млн ақша салынғаны болуы керек. Бұл сақтану үшін қажет.
Қазір оқу орталығының есігі құлыптаулы.Тергеу жүріп жатыр.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүргізіліп болғаннан кейін беттестіру, сұрақ-жауап алу процедуралары, шоттарды зерделеу деген функцияларды жүзеге асырып болғаннан кейін іс материалдар үкім шығару үшін сотқа жіберіледі.
Жәбірленушілердің саны көп. Ақшасын қайтаруды талап еткендерден шағым күнара түсіп жатыр, дейді полиция қызметкерлері.
Айдана Қуантхан
