Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы тұрғындарға таза ауа жетпей, тұншығып отыр. Өйткені қаланың шайынды су төгілетін нысан әбден тозып, химиялық қалдықтар өзен арқылы алқаптарға ағып жатыр, дейді тұрғындар. Салдарынан аудан орталығының айналасындағы ауыл халқы жерасты суын пайдаланудан қалған. Меншікті тілшіміз Данияр Әлімқұл мән-жайды анықтады.
Жаңатастағы Дегерес елді мекеніндегі бұқара сарқынды су осылай арық арқылы мал жайылымына ағып жатыр дейді. Ал қаланың қалдықтары құйылатын тұндырма бассейндер тозып кеткен. Сондықтан суды сүзбей, 10 жылдан бері ашық даланы ластауда.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Өткір иіс өңешті тұтып, өкпені қабады. Жаңатасты жайлаған жағымсыз иістен қала халқы қалай құтыларын білмей дал. Ал тұндырмалардағы су тазаланбайтындықтан, жерасты су қабатын да бүлдіріп жатқанын айтады.
Ал нәжіс суын қабылдайтын нысан 50 жыл бұрын салынған. Тозығы жеткендіктен 4 метр тереңдіктегі су залалсызданбайды, дейді.
Жақсылық Жақыпов, Жаңатас қаласының тұрғыны:
Сол Бүркітті өзеніне түсіп, дамбыға барып жиналып, Жайылма ауылына қарай кетеді. Жерасты суы құрттап кетті қазір. Ауызсуды ешкім беріп жатқан жоқ. Осының кесірінен қазір бәрі бақша егуден қалды. Бұрынғы кезде жүгері өсіретін, қарбыз, қауын, картоп өсіретін. Соңғы рет 1981 жылы құрылыс өткен. Одан бері істелді дегенді мен көрген жоқпын.
Мираш Молтаева, Жайылма ауылының тұрғыны:
Ешқандай тазалаудан өткізбеген су егістікке кетіп жатыр. Мысалы, Жаңатастың канализациясы жердің астына сіңіп жатыр.
Ал бұл жерге тәулігіне 6 мың текше метр шайынды су құйылады. Әкімдік әбден тозығы жеткенін мойындайды. Бірақ елдің егісі мен жайылымына жайылып жатқанын жоққа шығарды. Суды сыртқа ағызбай, 6 шақырым жердегі арнайы көлге жинап жатырмыз, дейді.
Ілияс Домалақов, Жаңатас қаласының әкімі:
Жөндеу жұмыстарына 8,3 млрд теңге қаржы қажет болып тұр. Сол қаражат республикадан қарастырылған жағдайда құрылыс жұмысы жүргізіледі. Енді бізден бюджеттік өтінім өткізіліп қойған, жылдың басында. Жалпы, ол ағып жатқаны суға да құйылып, егістікке кетіп жатқан нәрсе жоқ.
Ал санитариялық-эпидемиологиялық департамент кәріз суының жайылуына қатысты арыз түспеді деп отыр. Ал ауылдардың ауызсу жүйесі жылына 4 рет тексеріледі дейді.
Салтанат Әлібаева, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Жайылма, Қызыл дихан, Маятас ауылдарынан 48 су сынамасы алынса, Жаңатас қаласынан 22 су сынамасы алынды. Ауытқу анықталған жоқ. Құдықтарының суын олар өз қаражат есебінен зерттеу жұмысын жүргізу керек.
Ал аталған елді мекендер жерасты суын пайдаланғысы келеді. Бірақ сарқынды жиналатын нысанға тазарту қондырғысы орнатылмайынша, құдық қазуға қорқып отыр. Ал қондырғыға қашан қаржы бөлінетіні белгісіз.
Данияр Әлімқұл
