БҰҰ: Бүкіл Газа секторына ашаршылық қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ: Бүкіл Газа секторына ашаршылық қаупі төніп тұр

21.05.2025

Газа секторына кейінгі екі күнде ондаған жүк машинасы енді. Бірақ соған қарамастан, миллиондаған адамға төнген ашаршылық қаупі сейілмей тұр. Израиль болса, «ХАМАС-тың» қолына өтіп кетеді деп сырттан келген гуманитарлық көмекті халыққа таратуға асығар емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының ескертуінше, алдағы күндері ондаған мың палестиналық бала аштықтан қырылуы мүмкін. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Соңғы екі тәулікте Израиль Газа секторына 100-ге жуық жүк машинасының енуіне рұқсат етті. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының ескертуінше, палестиналық анклавтағы апатты жағдай әлі сақталып отыр. Өйткені көліктерге тиелген азық-түлік пен дәрі-дәрмек халыққа жетпей жатыр. Израиль болса, гуманитарлық жәрдемді «ХАМАС-тықтардың» қолына түсірмеуге күш салып жатқанын айтады. БҰҰ-ның өзге бір дерегінше, егер Израиль көмекті дереу таратпаса, алдағы 48 сағатта 14 мың палестиналық бала аштан өлуі мүмкін.

Акихиро Сейта, БҰҰ-ның палестиналықтарға арналған көмек және еңбек ұйымының өкілі:

Газада ашаршылық күшейіп келеді. Бұл аймақта соғысқа дейін талай рет болдық. Бәрі тамаша еді. Қазір газалық балалардың 10 пайызы жеткілікті тамақтанбайды. Олар аштықтың ауыр формасына душар болып отыр. Қызметкерлеріміз Газада өмір жоқ дейтін болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік бағдарламасының Шығыс Иерусалимдегі арнайы өкілі Антуан Ренардың мәлімдеуінше, көмекті көбейтпесе, Газаның 2,3 миллион халқы түгел ашаршылыққа ұшырайды.

Осындай шақта Израиль үкіметіне халықаралық қысым күшейіп келеді. Өткен тәулікте Ұлыбритания Израильмен сауда келіссөздерін тоқтатты. Сонымен қатар Франция мен Канада да Израильге қарсы «нақты шара» қолданатынын ескертті. Ал Еуропа одағы Израильмен сауда байланыстарын реттейтін пактіні қайта қайтаруға кіріскен.

Кайя Каллас, Еуропа одағының сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі:

Бүгінгі талқылаудан айқын көрінгендей, көпшілік Израильмен серіктестік жөніндегі келісімінің 2-бабын қайта қарауды қолдап отыр. Израиль гуманитарлық көмекке тосқауыл қоюды доғаруы керек. Адам өмірін құтқару – біз үшін негізгі басымдық.

Ашаршылық қаупі өз алдына, қазір Газада қарулы қақтығыс күшейіп келеді. Дәрігерлердің дерегінше, соңғы сегіз күннің өзінде мұнда Израильдің соққыларынан кемінде 500 палестиналық мерт болған. Тағы бір айта кететін жайт - өткен аптада Израиль Газада «ХАМАС-қа» қарсы ауқымды операция бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың сөзінше, бұл әскери науқанның мақсаты – Газаны бақылауға алу, «ХАМАС-ты» жою, оның кепілдігіндегі адамдарды қайтару және келешекте еврей мемлекетінің оңтүстігіне төнуі мүмкін қауіпті сейілту. Газадағы соғыс 19 ай бұрын басталды. 2023 жылы қазанның 7-де Израиль өзінің оңтүстігінде 1200 адам өлтірілгеннен кейін Газаны әуеден де, құрлықтан шабуылдауға кірісіп, бүгінге дейін 53 мыңнан астам палестиналық мерт қылды. Құрбандардың арасында сан мың әйел мен балалар және қарттар да бар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу