Шерзат ісі: Абзал Шынасыл айыпты жартылай мойындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат ісі: Абзал Шынасыл айыпты жартылай мойындады

21.05.2025

Бүгін Шерзат ісінде сотталушылардан жауап алу аяқталды. Қылмыстық істегі бас фигурант Абзал Шынасыл сот отырысында жауап беріп, өзін фото мен видеоға түсіруге рұқсат етті. Бұған дейін сотталушылардың барлығы өздерін көрсетуге қарсы болған.

Шерзат ісі бойынша сотқа марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен оның туыстары өздері куәлік еткен күннен бері қатысып жүрген жоқ. Олардың мүддесін адвокаттары қорғауда. Тоғызыншы процеске келуші тараптардың да қатары азайған. Ал істің бас фигуранты сотталушы Абзал Шынасыл өзіне тағылған айыптарды жартылай мойындайтынын мәлімдеді. Осыған дейін Шерзаттың өліміне басты кінәлі деп танылған ол тергеу кезінде: «Шерзатты мен пышақтадым», - деп, істі өзара келісім бойынша мойнына алғанын айтты.

Шынасылдың айтуынша, шешімді сотталушы Шыңғыс Белғожаев екеуі ақылдасып қабылдаған. Себебі оқиға кезінде Белғожаевтың да қолында бәкі болғандықтан, Ғайыпбаевты мен пышақтадым деп мойнына алуға келісті деді ол. Ал бүгінгі жауап алу кезінде Абзал Шынасыл марқұмның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың жамбасына 3 рет пышақ сұққанын мойындады. Сотталушының жауабын тыңдайық.

Абзал Шынасыл, сотталушы:

Талғарда тергеушілер «мұны бір адам істеді, бір адам мойнына алмаса, қиын болады» деді. Топ болып кетесіңдер деп айтты. Сонымен бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Көлік ішінде сөйлестік. Равиль Сакиев: «Бір адам мойындамаса, бәрімізге қиын болады», - деді. Менде пышақ болған соң іштей ойландым да, мойныма алайын дедім. «Шерзатты мен мойныма аламын, бірақ Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шешті.

Ал өткен сот отырысында жауап беруге дайын еместігін айтқан сотталушы Дидар Қалиахмет бүгін оқиғаның мән-жайын баяндады. Ол уақытында жедел жәрдем шақырмағанына өкінетінін айтқан. Сотталушы оқиға кезінде ешкімді ұрып-соқпағанын айтқан және пышақ алып шыққан. Қаржаубай Нұрымовты қолынан ұстап тоқтатуға тырысқан. Бұл әрекетін қорғану мақсатында болды, деп түсіндірді. Осылайша 9 сотталушының бәрі жауап берді. Артынша прокурор Дана Сәрсенбай затты қарап тексеру хаттамасы мен мәйіттің медициналық сараптамасын оқыды. Оқиғаға қатысты аймақты тексеру кезінде ұзындығы 19 сантиметр пышақ пен темір бәкі табылғанын атап өтті. Сондай-ақ медициналық сараптамаға сәйкес мәйіттің сол жақ қабырға тұсына 2-2,5 сантиметрлік өткір затпен сұғылмалы кесілмелі жарақат жасалғаны белгілі болған.

Дана Сәрсенбай, мемлекеттік айыптаушы:

Мәйіттің денесінде келесі жарақаттар анықталды. Оң жақ бетінде қызыл қоңыр түсті қан дақтары және көгерген іздер бар. Мәйіттің үстінгі ернінде қызыл қоңыр түсті қан дақтары бар. Мәйіттің сол жақ қабырға тұсына 2-2,5 сантиметрлік өткір затпен сұққат кесілген жарақат.

Дамир Нұрмұхамет


Хабарламаларға жазылу