Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Басты сотталушы деп танылған Абзал Шынасыл Шерзаттың ағасы Нұрғанат Гайпбаевты пышақтағанын мойындады. Ол бет бейнесін тікелей эфирде көрсетуге қарсылық білдірмеді. Сотталушы алдын ала тергеп тексеруде берген жауабында Шерзат Полатты қазаға ұшыратқан өзі екенін жазған. Бүгін ол жауабынан бас тартты. Мұны сотталушы Шыңғыс Белғожаев екеуі ақылдасып шешкен. Сөзінше жазаны жеңілдету үшін Шерзаттың өлімін өз мойнына алған. Ал Гайпбаевқа «пышақты мен тықтым» деп жалған куәлікті Шыңғыс Белғожаев беріпті.
Жалпы сот процесі басталғалы 9 сотталушының 8-і сұралды. Ал Дидар Қалиахмет өткен отырыста жауап беруге дайын еместігін айтқан. Әзірге Шерзат Полатты нақты кім өлтіргендігі белгісіз. Сотталушылардың ешқайсысы мойындамады. Сот отырысы түстен кейін қайта жалғасады.
Дамир Нұрмұхамет
