Биыл елімізде 3,2 млн оқушы жазғы лагерьге барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде 3,2 млн оқушы жазғы лагерьге барады

20.05.2025

1 шілдеден бастап, мектеп асханалары ескертусіз тексеріледі. Ескертумен келген тексерістің өзінде биыл бірқатар кемшілік анықталып, 6 іс сотқа жолданған. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысында белгілі болды. Ал келер оқу жылынан бастап, асханаларға жаңа ас мәзірі енгізілмек. Жиында оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мәселесі де қаралды. Алдағы каникулда мектеп оқушылары музейлерге, театрларға және өзге де мәдени нысандарға тегін кіре алады.

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды.  Биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала аяқтайды. Түлкетердің саны – 217 мың. 3 млн 200 мың бала жазғы лагерлерге барады деп жоспарланған.

 Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Олардың ішінде – халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі.

Балалардың денсаулығы ерекше назарда. Медициналық профилактикалық тексерістер тұрақты жүргізіледі. Оның нәтижесінде оқушылар арасында тіс ауруының тым көбейіп кеткені анықталған. Қазір білім ошақтарында стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады. Яғни балалардың тісі тегін емделеді. Білім беру орындарының мемлекеттен қаржыландырылатын асханалары енді алдын ала ескертусіз тексеріледі. Бұйрық шықты. 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Өйткені былтыр комиссияның бара жатқанын алдын ала ескерткенмен кемшіліктер түзелмеген.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

2025 жылы мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде 191 мектепке оның ішінде 54 ас блогы бойынша тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша 150 ұйғарым шығарылып, 54 айыппұл салынды. 31 адам жұмыстан шеттетілді. 6 іс сотқа жолданды.

Енді қауіпсіздік мәселесіне тоқталайық. Мектептердегі сияқты әр лагерге полиция қызметкері бекітіледі. Олар демалыс орнындағы тәртіп пен қауіпсіздікке жауап береді. Оған қоса ішкі істер министрлігі тұрақты күзет қызметі талаптарын күшейтуді де сұрап отыр.

 Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Бүгінде бұл нысандар террористік тұрғыдан осал объектілер тізіміне әкімдіктер тарапынан енгізілмеген. Сол себепті оларды күзетпен қамтамасыз етуге қатысты нақты талаптар жоқ. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктерге оларды арнайы тізімге енгізу ұсынылады.

Дегенмен министрлік тек жазғы лагерь қатысушыларының демалысы мен қауіпсіздігін өз мойнына алады. Ал өзге балалардың қауіпсіздігі тікелей ата-аналардың мойнында. Осылай деген Олжас Бектенов қазақстандықтарға үндеу жасады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылық қасиеттердің барлығы бірінші кезекте отбасында қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды.

 Сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан балаларға суда және өрт кезінде құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын да үйрету маңызды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Сондай-ақ Олжас Бектенов оқушыларды өзге елді мекендердегі жиындарға, тестілеуге, жарыстарға тек қана әкімдіктің, құзырлы органдардың рұқсатымен және полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруімен ғана апаруына рұқсат етілетінін жеткізді. Яғни, бала қауіпсіздігі бірінші кезекке шығарылды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу