Алматыда «Tүркі дүниесі» халықаралық студенттер фестивалі басталды. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан өнер додасына 6 елдің театр мамандығында білім алып жүрген студенттері қатысып, бақ сынады. 3 күнге жоспарланған шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия елдерінен келген тәлімгерлер қатысты. Талап бойынша фестивальге бұрын соңды үлкен сахнада қойылмаған спектакльдер қойылуы тиіс. Ал бұл шара студенттер арасындағы достықты нығайтады. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, шығармашылықты шыңдап, пікір мен ой алмасатын алаңға айналады дейді ұйымдастырушылар. Фестиваль аясында қатысушылар шетелдік және отандық танымал өнер қайраткерлерінің шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Арман Жүдебаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
Өзіміздің спектакльдеріміз бауырлас елдерге үлгі ретінде практикалық негізде жасалып жатқан үлкен фестиваль. Фестивальде түркітілдес мемлекеттердің алдағы жоспары құрылады. Тек студенттерді ғана емес, мұғалімдердің де потенциалын ашу, практика жүзінде осы мемлекеттерге жіберу – басты міндетіміз.
Нуржамал Эмилбекқызы, студент /Қырғызстан/:
Фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз Сұлтан Раевтың «Қашар» деген шығармасын алып келдік. Бұл фестивальді көптен күттік, дайындығымыз өте жақсы.
Айдана Қуантхан
