Жамбыл облысы, Меркі ауданында егіс алқаптарына шегіртке қаптап кеткен. Диқандар Ақтоған ауылынан 20 шақырым жердегі Ойранды егістігін отап жатқан жәндіктер қанаттанса тіпті қиын болады. Сондықтан дер кезінде дәрілеу жұмыстарын жүргізу керек дейді. Қазір арпа мен бидай алқабына ауыз салған майда зиянкестер шегірткенің мароккалық түріне жатады. «Фитосанитарлар бір апта кешіксе, күзде малымыз жеп-шөпсіз қалады» , - деп алаңдайды шаруалар. Ал Меркі ауданы әкімдігі биылғы құрғақшылық болғандықтан, шегірткенің шығуы қалыпты жағдай деп отыр.
Қайрат Арғынбаев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:
Жұмыстар дер кезінде жүргізіліп жатыр. Анықталғаны ары кетсе 10-20 соттық жерден асып жатқан жоқ. Бізде дәрілеу марокко шегірткесіне қарсы 8 мың 912 га, италян шегірткесіне 362 га, сонымен қатар саяқ шегірткесі дейміз оған 480 га жерге жоспарланған.
Байзақ ауданында дәрілеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл аймақ бойынша зиянкестер 107 мың гектардан астам аумаққа таралған. Қазір химиялық өңдеу жұмыстары қарқын алды. 8 мың тоннадан астам дәрінің жартысынан көбі себілген.
Кенен Дүйсенбеков, Байзақ аудандық аумақтық инспекция басшысы:
Бір шегіртке бір күбіршек тастайды. Ол күбіршек ішінде 35-40 данаға дейін дернәсілдер болады. Химиялық өңдеу жұмыстары екінші, үшінші, төртінші кезеңде, максималды 3-жаста сол жұмыстарды бітіру керекпіз. Таралу мерзімін осы уақытта біз тоқтату керекпіз. Қанаттанып ұшса, күресу жұмыстары өте қиын болады. Бірақ біз бүгінгі күнге уақытысымен жүргізіп жатырмыз.
Данияр Әлімқұл
