Алматылықтар музейдің негізгі экспозициясынан тыс, бірегей экспонаттармен танысты. Аса құнды жәдігерлер алып шаһарда өткен ауқымды шара — «Музей түнінде» көпшілік назарына қойылды.
Жауһар жәдігерлер қатарында соңғы жылдары археологиялық қазбалардан табылған алтын бұйымдар, гауһар таспен көмкерілген асатаяқ, одан өзге де асыл бұйымдар болды. Соның ішінде келушілердің назарын аудартқан — музей қорында сақталған сирек хаттар мен құжаттар негізінде жасақталған көрме. Әр дәуірдің хат алмасу мәдениетін көрсетеді.
Онда қойылған пошта маркалары, ашықхаттар, конверттердің ерекшелігімен келушілер танысты. Бауыржан Момышұлының Ғабит Мүсіреповке жазған хаты, өзге де тарихи құндылығы жоғары суреттердің сақталуы, бүгінгі күнге тап-тұйнақтай, жинақы болып жетуі — көрмеге келушілерді ерекше тәнті етті.
Үміт Әшімова – ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бас қор сақтаушысы:
Музей қорындағы раритетті экспонаттарды келушілердің назарына ұсынып отырмыз. ++ Музейдің қоры өте бай. 300 мыңға жуық экспонаттарымыз бар. Сондай-ақ көрмеде А. Құнанбайұлының 150 жылдығына және Ж. Жабаевтың 150 жылдығына арнап шығарылған кітаптың сыртын күміспен көмкеріп жасаған.
Шолпан Сейітбекқызы, қала тұрғыны:
Кеш өте тамаша болып жатыр. Біздің сүйікті Алматы қаламыздың, Мемлекеттік музейінің 80 жылдық тойына келіп, тамаша концертті көріп, зиялы қайраткерлеріміздің тілектерін естіп жатырмыз. Бұл іс-шара тек бізге емес, артымыздағы қалып жатқан жас ұрпақтарға да өте жақсы үлгі.
Айдана Қуантхан
