Алматы облысында «Адал азамат - адал жеңіс» республикалық марафоны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында «Адал азамат - адал жеңіс» республикалық марафоны өтті

17.05.2025

Алматы облысында «Адал азамат - адал жеңіс» республикалық марафоны өтті. Спорттық шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен марафонның мақсаты - заңдылық пен тәртіп, адалдық және белсенді азаматтық ұстаным қағидаттарын қалыптастыру, - дейді ұйымдастырушылар.

Қонаев қаласының орталық алаңына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан аса марафоншы жиналды. Меже 5 жарым шақырым. Спорттық шараға қатысушылар шаһардың орталық көшелерімен жүгіріп өтіп, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жасұлан Қыдырбаев, Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы:

Демалыс күндерді өстіп жақсы көңіл-күйде өткізген өзіме әлбетте ұнайды. Бүгін біраз ұжымдарды көріп, өзім де қуанып қалдым. Бәрі бір саланың адамындай бірігіп, дене қыздырып, разминка жасап керемт көңіл-күй болды.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және азаматтар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді, - дейді. Жеңімпаздар да марафонның жыл сайын мәні артып, қатысушылар саны да көбейгенін айтады.

Заңғар Әлқожаұлы, Марафон жеңімпазы:

Қазіргі таңда мұндай жарыстардың көбейгені баршаға пайдасын тигізіп жатыр. Өйткені, салауатты өмір салтын ұстану арқылы адамдар өздері жақсы орта қалыптастырып жатыр. Ал өзім облыс және республикалық турнирларға қатысып жатырмын ауданның атынан.

Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне қарай анықталды. 18-30, 30-45 және 45 жастан жоғары. Барлығы арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу