Түркістан облысында қуаңшылықтан егін қурап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қуаңшылықтан егін қурап барады

15.05.2025

Түркістан облысында биылғы күн райының қолайсыздығынан шаруалар қамбасын астыққа толтыра алмай, шығынға бататын түрі бар. Себебі, қуаңшылықтың кесірінен күзде себілген бидай қарыс сүйемнен әрі өсе алмай, сарғайып кеткен.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Жылдағыдай қолайлы ауа райы болса дәл қазір бидайдың бойы тізеден асып, белуарға жетіп қалуы керек еді. Сабағы да масақ байлап, дәні қатаятын кез. Бірақ биылғы бидай көріп тұрғандай тобықтан сәл-ақ асады. Ылғалдың жоқтығынан қурап, сарғайып барады.

Өңірде жерге тамшы тамбағалы ай жарымнан асып барады. Кооперативтің 400 гектар жерге сепкен дәні қылтиып шыққан күйі өспей қалды. Қара күзден бері шаруалар екі қайтара егістікті тырмалап, минералды тыңайтқыш де сеуіп қойған-ды. Көктемнің ризығынан үміттеніп гектарына 100 мың теңгеден аса шығын жұмсаған.

 Ердес Қыдырбаев, шаруашылық төрағасы:

Түп санын қарашы бәрі түгел. Егер жауын болса, тап осы жерден 25 центнерден беретін еді. 27-ге дейін кетіп қалатын еді. Енді бұл бидай болмайды. Жаңбыр жауған күннің өзінде бидай болмайды.

 Нұрғали Жанысбайұлы, шаруа:

Былтырғы жылы 77 миллионға «Вектор-400» деген комбаин алғам. Биылғы жылы тоқсандық төлемді төлеймін 9 миллиондай. Оны қайдан құтыламыз, тағы ойланып отырмыз. Бізге құйып бермей-ақ қойса. Жылын жылжытып берсе тәуір болар еді бір жылға.

Астық егушілер қауымдастығы төрағасының айтуынша, биыл өңірдегі 8 ауданда ахуал тап осындай. Жерден өнім алам деген шаруа күдерін үзген. Тіпті, жылда егіс басында керексіз болып қалатын сабанның өзі биыл малшы үшін қат дүниеге айналғалы тұр.

Мұхтар Бимат; «Арпа бидай ас екен» қауымдастығының төрағасы:

Ең бірінші шаруалардың бәрі жеңілдетілген несие алып еккен. Соның бәрін мына жағдайға байланысты келесі жылға шегеріп берсе. Және күзге қарай тұқым жағынан қарызға бере ме, мемлекеттен көмек ретінде соны да берсе. Сол кезде шаруалар өз өзіне келетін еді.

Шаруалардың жанайқайынан соң, жағдайды зерделеу үшін облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Әзірге олар күздік бидай мен мақсары дақылы егілген алқаптардың 4 пайыздайы мерзімінен бұрын қурап қалуы мүмкін деп отыр.

Әлібек Піләлов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Жағдайға сәйкес қураған фактілер анықталған жағдайда зардап шеккен ауылшаруашлығы тауар өндірушілерінің несиелерін созу туралы мәселені үкіметке дейін көтерілетін болады.

 Биыл түстіктің шаруалары 200 мың гектардан астам жерге күздік бидай септі. Бұл былтырғыдан 3 мың гектарға көп.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу