«Ұлы дала жорығы»: Астана командасы жеңімпаз атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала жорығы»: Астана командасы жеңімпаз атанды

14.05.2025

Астана командасы – халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпазы. Олар жалпы уақыт есебімен көш бастады. 500 шақырымды артқа тастаған тұлпарлар бүгін ақтық мәре сызығын кесіп өтті. Екінші орынды Қырғызстанның бірінші командасы қанжығасына байласа, Ұлытаудың тұлпарлары үздік үштікке кірді. Қонаев қаласында аяқталған дүбірлі додадан әріптесім Қуан Нұрақын тікелей байланысқа шығып тұр.

Қуан Нұрақын, тілші:

5 күн аттар үшін де, шабандоздар үшін де оңайға соқпады. Қиыршық тасты жолдармен жүріп өтіп, шөл даланы басып, тіпті құмды дауылға тап болды. Арасында сіркіреген жауынның астында қалды. Десе де, шабандоздар құбылмалы күн райына, алдынан шыққан қиындықтарға қарамады.

Алтай Бимен, Астана командасының жетекшісі:

Қазақтың қазанаты Қостанай жылқысы аспандай берсін! Бізді қолдаған команда, жақтастарға, бауырларға ең бастысы туысқандарға, команда мүшелеріне жігітше келді ғой. Бәріне рақмет! Бес жылқы бірдей келсе деген арманымыз болған еді. Арманымызға келесіде жарыстарда жетеміз деген ойдамыз.
Қуан Нұрақын, тілші:

Айта кетсек, Астана қаласының атынан шыққан тұлпарлар - Қостанай жылқы тұқымы. Үздік бестікке Маңғыстау және Алматы облысының командалары ілінді. Жарыс жолын бірге бастаған 19 команданың 6-уы ғана мәре сызығына жетті.

Әлібек Әлденей, «Joryq» ат спорты федерациясы қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

Бүгін біреуміз жеңілдік, біреуіміз жеңдік дей көрмеңіздер. Біздің достығымыз нығайды деп біліңіздер. Әрқайсыларыңыздың үйге барар сапарларыңыз сәтті болсын! Жеңген жігіттерге жеңістеріңіз құтты болсын! Қазақтың рухы өшпесін. Ұлттық спортымыз дами берсін!

Қуан Нұрақын, тілші:

Жаңа ғана, Қонаев қаласының орталық алаңында жеңімпаз командаларды марапаттау рәсімі өтті. Үздік командаларға бағалы сыйлықтар мен қомақты ақшалай жүлде берілді. Айта кетсек, дүбірлі дода осымен бесінші рет өтті. Соңғы екі жылда халықаралық мәртебеге ие болды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу