Алматыда оқырман қауымға өзіндік қолтаңбасымен таныс жазушы Сәуле Досжанованың «Өмір бәйтерегі» атты кітабы таныстырылды. Осыдан жеті жыл бұрын «Көрдемшенің қасіреті» атауымен жарық көрген әңгіме әдебиетсүйер қауымның назарына іліккен еді. Шағын шығармадағы некесіз туған кейіпкер – Нұржанның тәлкекке толы ғұмыры оқырманның қызу талқысына түсті. Көптің сұрауымен «көрдемше баланың» тағдырын жалғастыруды ұйғардым, дейді автор. Яғни «Өмір бәйтерегі» атауымен жарық көрген бүгінгі туынды жеті жыл бойы жазылған. Романда әке мен ананың қателігінен некесіз туып, кейін қоғамнан теперіш көріп өскен ұрпақтың жан сезімі суреттеледі. Салт-дәстүр мен ұлттық сана шындығы көрсетіледі. Шығарма бұған дейін ағылшын, орыс, түрік тілдеріне аударылды. Алдағы уақытта қырғыз, башқұрт жұртына ұсынылады.
Сәуле Досжанова, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл романда қазақтың дүниежүзінде ең қаны мықты, ұлттық қасиеті мықты, дәстүр-салтын сақтаған, жеті атасын жетідегі бала мен жетпістегі қарияға дейін жатқа айтатұғын, аналар ұл туғанда жеті атасын кім екенін көрсететін ұлт екенін көрсеткім келді. Кез келген шығармада әйел адамның бағы сияқты бағы болады, тағдыры болады. Менің сол «көрдемшемнің» тағдыры ауыр болғанымен, өте бақытты болды.
Еске салайық, төл әдебиетіміздегі танымал 100 туындыны анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама жүріп жатыр. е-Gov Mobile қосымшасы арқылы таңдаулы кітаптар тізбегін жасауға үлес қоса аласыз. Сауалнама 23 шілдеге дейін жалғасады. Нәтижесі 10 тамыз - Абай күнінде жарияланады. Мақсаты – әр үйдің төрінде тұратын шығармаларды анықтау. Жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы.
Айдана Қуантхан
