Биыл Жамбылда шегірткелердің шабуылы шектен тыс артуы мүмкін. Фитосанитарлар бүгінде таралу аумағы 108 мың гектарға жетті, деп дабыл қағып отыр. Дихандар онсыз да құрғақшылық қысып тұрғанда жәндіктердің күрт көбеюі жығылғанға жұдырық болды дейді. Ал даладағы дәрілеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Биыл облыстың он ауданындағы жайылымдардан жыбырлаған жәндіктің көбейіп келе жатқанын көруге болады. Әсіресе, үш ауданның ортақ жайылымы Көделі жазығында шегіртке өрттей қаулап келеді. Қанаттылар 3 жыл бұрын жайылымға жақын жатқан Кеңес ауылының шалғынын отап, шабындығын тып-типыл еткен. Енді ертең ауылға келе ме деп алаңдайды.
Қыдырәлі Қаржауұлы, Кеңес ауылының тұрғыны:
Қазір мына жақта Абай ауылы бар. Былай қарай Көделі. Сол жайылып, кетіп бара жатыр ғой. Мына каналдың жағасын бәрі шегіртке. Олар шыққаннан құртады бәрін қиратып. Шөпке де қиын. Көделі де анау жылы бәрін қырып кеткен.
Былтыр Байзақ ауданындағы 18 мың гектар жайылымға дәрі себілген. Бірақ соған қарамастан биыл қанаттылар қаптаған аумақ 20 мың гектардан асып отыр.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Байзақтық бұқара үйірлі шегірткенің шабуылы үдеп кете ме деп үрейленеді. Зиянкестер қанаттанса мына жасыл сабақ жайқалған егісті жайпап өтуі мүмкін. Сондықтан дихандар алдымен алыстағы шабындық пен жайылым жерді дұрыстап дәрілеу керек деп отыр.
Аймақта 8 жыл бұрын шегірткелер шектен тыс көбейген еді. Мамандар бұл 10 жылда бір қайталанатын табиғи құбылыс дейді. Бүгінде зиянкестер тараған 108 мың гектар жердің 30%-дан астамы залалсыздандырылған. Өңірде шегірткенің марокколық, азиялық және италиялық прус түрі көп кездеседі.
Сәбит Жүсіпов, облыстық Аумақтық инспекцияның бөлім басшысы:
35 200 гектар әуе ұшақтарымен жоспарланып отыр. 69 909 гектары жерүсті бүріккіштерімен химиялық өңдеу жоспарланып отыр. 2 821 гектары дрондар арқылы химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланды. Химиялық өңдеу жұмыстары дер кезінде жүргізіліп жатыр. Техникалардың барлығы жеткілікті.
Жауаптылар шегірткеге қарсы 8 тоннадан аса химиялық препарат сеппек. Ал улы дәрінің төрт-түлік пен өсімдіктерге зияны жоқ дейді. Жалпы бір шегірткенің ұрық қалташасынан 40 данаға дейін дернәсіл шығады. Сондықтан мамандар қанаттанбай жатып дәрілеуді 2 аптада аяқтауға асығып отыр.
Данияр Әлімқұл
